17.04.2019, 16:30
Оқылды: 70

Оралда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы өтті

Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысқан шарада өңірдегі ҚХА кеңесінің мүшелері, басқарма басшылары, Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосты.

 IMG_2311[1]

Күн тәртібінде білім беру сапасын жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосу, БҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелері құрамына өзгерістер енгізу туралы төрт түрлі мәселе қаралды.

«Мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде білім беру сапасын түбегейлі жақсартуға белгіленген тәсілдердің орындалуы туралы» баяндама жасаған БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина өзі бас болып жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне, бұл саладағы жетістіктерге егжей-тегжейлі тоқталды. Ол педагогтардың біліктілігі, білім беру жүйесіне жаңа технологияны енгізу, материалдық-техникалық базаны заманға сай жаңғыртуға келгенде ақсап тұрған тұстардың бар екендігіне де тоқталды. Осы орайда облыс әкімі Алтай Көлгінов мектепте оқушыларды тамақтандыру мәселелеріне қатысты көптеген арыз-шағымдардың түсіп жататынын айтты. Балаларды сапалы түрде тамақтандыру үшін өңір бюджетінен қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелер тиісті шешімін табуы тиіс. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында компьютерлік құрылғыларды жаңғырту және оқушыларды тамақтандыру жүйесіндегі олқылықтар еліміздің астанасында жүзеге асырылған тәжірибеге сүйене отырып түзетілетіні туралы қысқаша баяндап өтті.

 

IMG_2164[1]

Медициналық қызмет, әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі туралы баяндаған БҚО ҚХА «Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген аталмыш салаға қатысты орын алатын олқылықтардың дені дәрігер мамандардың жетіспеушілігінде деп түйіндеді. Өңір басшысы спикерлер тарапынан аталмыш салаға қатысты көтерілген мәселелерге жауап беру кезінде Орал қаласындағы көпбейінді аурухананың қасынан жаңа кардиоорталық салу мәселесі жоспарланып, қаражат қарастырылғанын мәлімдеді. Жобалау жұмыстары сәтті аяқталса, келер жылдан бастап жаңа кардиоорталықтың құрылысын бастау жоспарланған. Жаңа кардиоорталық іске қосылған кезде қала орталығынан шеткерірек орналасқан бұрынғы орталық науқастарды оңалту мекемесі ретінде жұмысын жалғастыра береді. Өйткені қазіргі кардиоорталық орналасқан жердің табиғаты, экологиясы науқастарды оңалтуға позитивті әсер беретіні түсінікті.

Сондай-ақ Алтай Сейдірұлы облыс орталығындағы емханаларға тіркелген тұрғындардың көптігінен ондағы жүктеме шамадан тыс артып тұрғанын айтты. Бұл мәселені шешу үшін Орал қаласынан жетінші емхананы ашу қажеттілігі туындап тұр. Өңір басшысы қалалық аурухана жаңа ғимаратқа көшкен кезде босаған корпусты «Қарашығанақ» б.в. компаниясының қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізу арқылы аталмыш мәселенің шешімін табу жоспарланғанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ медицина саласындағы кадр, көлік жетіспеушілігі секілді өзге де бірқатар мәселелердің шешілу барысына да жан жақты тоқталып өтті.

Жиында «БҚО агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру туралы» баяндама жасаған БҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жеңіс Сағидуллин аталмыш салаға қатысты шетелдік тәжірибелерге тоқтала отырып, мемлекет тарапынан төленетін демеуқаржыны оңтайлы пайдалану арқылы шаруашылықты өрістету бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Нұртас Сафуллин,

zhaikpress.kz

IMG_2247[1]

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале