8-707-808-48-55
23.08.2018, 11:54
Оқылды: 774
Оралда «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті әкімшілігі әр өлкенің тарихын қамтитын «Өлкетану» оқулығын дайындауды тапсырды.  ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясы 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» курсының оқу бағдарламасын әзірледі. Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес әр өңірдің өз оқулығы дайындалды. Батыс Қазақстан облысында да бұл оқулықты құрастыруға жоғары оқу орындарының ғалымдары, тарихшылар, өлкетанушылар, тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер тартылып, сараптау комиссиясы жұмыс жасады.

Оралдағы Достық үйінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың қатысуымен екі тілде дайындалып, баспаға жол тартқалы отырған «Өлкетану», «Краеведение» оқулығының таныстырылымы өтті.

– 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы өскелең ұрпақ туған өлке тарихын, мәдениетін, тарихи тұлғаларын, тарихи-мәдени ошақтарын біліп, көріп, санасына сіңіріп өссін деген мақсатпен жасақталды. Бірнеше рет мемлекеттік деңгейде сараптамадан өткізілді. Ескертпелерімен қайтып та келді, қайтадан жұмыстанып, комиссия отырысында талқыға түсіп, енді баспаға жіберілгелі тұр. Кез-келген дүниені жаңартып, жаңғыртып отыру заман талабы. Бірақ тарихи фактілер, тарихи-мәдени ескерткіштеріміз өзгермейді. Ал ғылыми ізденістер арқылы қосымша ақпарат пайда болса, оны қосуға дайынбыз. Сондықтан бұл оқулық та қатып қалған дүние емес, әлі талай толықтырылады, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, оқулық 34 мыңнан астам данамен «Арман-ПВ» баспасынан басылып шығады. Төрт пән - қазақ тілі мен әдебиеті, география, музыка, Қазақстан тарихы пәндеріне кіріктіріліп оқытылады. Оқу жүктемесінің көлемі – 20 сағат, соның ішінде 5-сыныпта – 5 сағат, 6-сыныпта - 7 сағат, 7 сыныпта – 8 сағат деп белгіленіп отыр.

– Шағын кітапқа батыс аймақтың мектепте оқылып жүрген тарихына енбеген, енсе де аз берілген мәліметтерді толықтырып, баланы ойландыратындай материалдарды жинап, басын біріктіріп шығару - үлкен жұмыс. Сол қыруар жұмыстың куәсі болдым. Сын да айтылды, пікірталас та болды. 202 беттік кітапқа бүкіл Батыс Қазақстан облысының өңірлік тарихын сыйғызу, оны 6-7 сыныптың баласына түсінікті қылып қалай береміз деген ой толғандырды. Қадыр ақын «Бұрынғының балалары ата-анасына тартып туатын еді, қазіргінің баласы заманына тартып туады» дейді ғой. Сол заманына тартып туған балаға заманның зымыран ағысынан озатын ой салатын оқулық жазуымыз керек болды. Міне, осы бағыттағы жұмыс басталды. Білім саласындағы талай өзгеріс, жаңалық елге жетіп жатыр ғой. Соның ішінде баланы ұлтжандылыққа, елжандылыққа, өзінің туған өлкесіне қызығушылыққа жетелейтін сәтті бастама осы оқулықты жазу деп есептеймін. Кітап балалардың қажетіне жарасын, тарихын тануға, өлкенің өрнектерін өмірге сіңіруге сеп болсын, - деді айтыскер-ақын, тіл жанашыры, оқулықтың сараптау кеңесінің мүшесі Шолпан Қыдырниязова.

«Өлкетану» оқулығының дайындалу барысы туралы авторлық кеңестің төрайымы, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Динара Шакаева баяндап өтті. Өлкетанушы, сараптау кеңесінің мүшесі Жайсаң Ақбай атқарылған іске оң баға берді.

-Әйгілі ғалым Колмогоровтың «Оқулық құрастыру реактивті самолет құрастырудан әлдеқайда қиын» деген сөзі бар. Оған көзіміз жетті.

5-сынып оқулығына өңірімізге қатысты аңыздарды саралай келе, Аққұмды енгіздік. Аңыз бойынша Қобыланды Алшағыр ханды өлтіретін атақты Аққұм. Ерте ортағасырлық шаһарларымыздың бірі. Шығырлаудағы сарқырама – Қыз әулие де оқулыққа енді. Сырым мен Нұралыға байланысты аңыз, он екі мың жылқысы болған Есенгелді байға қатысты аңыз қосылды. Тарихи ескерткіштерден тас дәуірінен Тасқаладағы Ешкітауды, темір дәуірінен Қырықобаны енгіздік. Сондай-ақ облысымыздан қасиетті орындар тізіміне енген жеті нысан да оқулықта қамтылды. Монументальды ескерткіштерден – Жәңгір хан, Пушкин, Қадыр Мырза Әлі, Құрманғазы мен Дина және үш батыр қызымыздың ескерткішінің суреті, қаламыздағы тарихи ғимараттардың бірнешеуі де оқулыққа қосылды. Билерден Әйтеке би, Жиембет Бортоғашұлы, Үкі би, Жүсіп Сырымұлы, батырлардан Байбарақ Құдайқұлұлы, Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Науша Қаржауұлы енгізілді. Оқушылар спортшылардан Еңсеп Досқалиев, Сайлау Мұқашев, Екатерина Ларионова мен Данияр Елеусінов жайлы біле алады. «Жәдігерлер сыр шертеді» бөліміне практикалық сабаққа облыстық тарихи-өлкетану музейі қамтылды. Оның алты залы бар: археология залы, Қазақ хандығы мен Бөкей ордасы залы, соғыс жылдарындағы өлке тарихы, 20 ғасыр тарихы залы, Орал өңірінің білім, ғылым, өнер, мәдениет салаларының даму тарихы және Елбасы және тәуелсіздік залы.

6-сыныпта өлке тарихына 4 сағат бөлінген. Жер-су атауларына қатысты қызықты деректер жиналды. Мәселен, Тасқала ауданының Оян ауылында Арамқуырдақ деген жер бар екен. Махамбет Өтемісұлын өлтірген Ықыластың балалары әкесіне ас берейін деп, халық қабылдамай, қуырдақтарын төгіп тастапты. Кейін жер солай аталып кеткен. Осындай қызықты, тың деректерді қосуға тырыстық.

7-сыныпқа да 4 сағат қарастырылған. Біріншісі - туристік маршруттар, екіншісі – «Жомарт жүрек», үшіншісі – туған өлке жылнамасы, төртіншісі – «Менің мектебімнің тарихы» деп аталады. «Жомарт жүрек» деген параграфта өз қаржыларына Қазталов ауданында туған ауылына медпункт салған, Шыңғырлауда көпір салған меценат азаматтар қамтылды. Оқулықтың негізгі жобасы әзір. Басқа облыстардың да оқулықтарын сараладық. Кемшіліксіз еш нәрсе болмайды, халық өз бағасын бере жатар,-деді «Өлкетану» оқулығы авторларының бірі, тарихшы ғалым Жаңабек Жақсығалиев.

Өлке тарихының ең басты деректерін қамтыған оқулық 2018-2019 оқу жылында шәкірт қолына тиеді.

Нұрлыбек Рахманов,

фотоға түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

 

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікірлер
Сакен
00
Вообще мне нравится нововведения в системе образования. Краеведение думаю поможет увеличить любовь к родной земле у молодежи
Малик
00
Жастарға да осы бағытта жұмыстар жүргізу керек. Өз өлкесін білмейтін қазақстандық болмау керек
Ахмет
00
Расыменде жақсы болған екен. Өзін өзі тану оқулықтарыда қайтадан енсе жақсы болар еді деп ойлаймын.
Әлібек
00
Бұл өз жеріне деген сүйіспеншілікті мектеп кезден бастап алатындығын білдіреді.
Абылай
00
Кәзіргі оқушылар үшін қуаныштымын. Өз өлкенді білу маңызды мәселе болып келеді.
Тимур
00
Думаю для школьников это будет полезным уроком. Знать свой край, ее особенности важно.
Пікір қалдыру