8.02.2019, 16:43
Оқылды: 63

Оралда өлкетанушылар конференциясы өтті

Бүгін Орал қаласындағы №47 мектепте «Өз өлкеңді тану - рухани жаңғырудың даңғылы» атты өлкетанушылар конференциясы өтті.

Конференцияға қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобалық офис менеджері Гүлсім Усағалиева, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Асан Нарымбаев және өлкетанушылар, қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі идеясын жүзеге асырып, мектеп оқушыларының өз еліне, жеріне, туған халқына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыруды мақсат еткен конференцияға қаланың 32 мектебінен 90-ға жуық оқушының зерттеу жұмыстары жинақталған.

Конференцияда сөз алған қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жас өрендерді туған өлкенің әр тасын, сай-саласын тани білуге, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстану қажеттігін атап өтті.

-Қазір балалардың көпшілігі бірнеше шақырымдағы шет елдегі немесе алыс жердегі тарихи  жер туралы жақсы білгенімен, өзі тұратын ауыл, қала, оның төңірегіндегі қасиетті, тарихи жерлер туралы білмей жатады. Сондықтан қала төңірегіндегі, тарихи жерлердің маршруттарын жедел жасақтау керек. Бүгінгі конференцияның басты мақсаты - мектеп оқушыларына ұлтымыздың тарихы, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтарды және қасиетті жерлеріміз туралы кеңінен мәлемет беру. Олардың өз еліне туған жеріне деген патриоттық сезімін қалыптастыру. Атамекенін ардақ тұтқан әрбір оқушы Елбасының «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын жүрегімен түйсінуі қажет. Біздің міндетіміз – оқушыларды өлкетану бағытындағы зерттеу жұмыстарына қатыстыру арқылы өмір бойы ізденіс үстіндегі жоғары адамгершілік құндылықтары бар зияткер жеке тұлғаны тәрбиелеу. Аталған бағыттағы жұмысты жүргізу мақсатында білім беру бөлімі «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Туған өлке» тарихи жобасын өткізді. Сонымен қатар мектеп бағдарламасына енгізілген «Өлкетану» оқулығы да балалардың туған өлкеге деген қызығушылығын арттыра түсетініне сенім мол. 2017 жылдан бері 20-дан астам ғылыми-практикалық семинарлар, тарихи-өлкетану бағытындағы жорықтар ұйымдастырылып, 5000-нан аса оқушы шараларға қатысқан. Осы конференциядан соң жұмыс тобын құрып, оқушылардың 90-нан астам зерттеу жұмыстарын қарау, осы бағытта терең, ғылыми түрде айналысып жүрген өлкетанушылардың қатысуымен мектепте кездесулер өткізу – біздің бұл бағыттағы жұмыстарымызды жандандыра түсері сөзсіз,-деді Бақытжан Хаберұлы.

Өз кезегінде сөз алған облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин Сегізсай кешенінің өлке тарихындағы орны туралы кеңінен әңгімелеп берді. Өзі өскен ауылдың жанындағы тау болып үйілген обаларға ол бала кезінде аса көп мән бере қоймайды. Ауылда мал іздеп жүріп, талай үстіне шығып, тау сияқты көрінген обалар сыры оны кейіннен қызықтыра бастапты. Қызмет жасай бастаған кезден талай ғасырдың сырын бүккен обалар туралы кеңінен мәлімет жинап, сол обаларды зерттеген ғалымдармен кездескені туралы шынайы әңгімелеген Жантас Нәбиоллаұлын оқушылар қызыға тыңдады.

-Егіндікөл қорымындағы Сегізсай кешенін ғалымдар сегізге бөліп қараған. Ғалымдар әр жылдары келіп, қазба жұмыстарын жүргізген. 1977 жылдан бастап үш жыл қатарынан үздіксіз зерттеудің нәтижесінде 88 оба ашылған. Біз көбіміз соңғы жылдары табылған алтын адамдар туралы білеміз. Бірақ осы «Сегізсай» кешенінен де алтын жапсырмалары бар адамдар табылғанын көбі біле бермейді, –деп әңгімесін жалғаған Жантас Нәбиоллаұлы әрі қарай өзі өскен өлке, жасалған жұмыстар мен олардың нәтижесі туралы бейнетаспаны оқушылар назарына ұсынды.

«Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі Қазбек Қабжан араб жазулы құлпытастардың зерттелуі туралы айтты.

-Даладағы тастардың бәрі эпиграфикалық ескерткіштер болып саналады. Бұған дейін осындай ескерткіштер Маңғыстау өңірінде көп деп саналатын. Бірақ соңғы кезде біздің өңірде де көп екендігі анықталды. Мәселен, Бөкей ордасындағы хан зиратында 600-ге жуық құлпытас бар. Бұл зерттелуі керек. Араб жазулы құлпытастардан сәулет өнерінің небір үлгілерін кездестіруге болады. Сол сияқты құлпытастағы жазбалардан сол кездегі қазақтардың діни көзқарасын, сенімін, идеологиясын айқын аңғаруға болады. Қазіргі шетелден келген теріс ағымдарға қарсы тұратын дәстүрлі уағыздар, аяттар, хадистер осы құлпытастарда жазылған, -деп сөзін сабақтаған Қазбек Құттымұратұлы құлпытастар сырын білгісі келетін оқушыларға экспедиция ұйымдастыру, мектеп жанынан үйірмелер ашуға болатындығы жөнінде ұсыныс білдірді.

Конференциядан соң  «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Ұлы даланы ұлы есімдері» атты секциялық отырыстар болды. Конференцияға қатысқан оқушылардың  үздік іздестіру жұмыстарын анықтай отырып, жинақ кітапша шығарылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

сурет Кәусар Байғалиева

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале