18.06.2018, 12:16
Оқылды: 105

Оралда өлкетанушылардың республикалық форумы басталды

Оралда бүгін басталған «Жайықтың қасиетті орындары» атты өлкетанушылардың республикалық форумы 23 маусымға дейін жалғаспақ.  

Форумның бес күнге құрылған бағдарламасында форум қонақтары мен қатысушыларына жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген нысандарға туристік сапарлар, облыстың музейлеріне экскурсия ұйымдастырылатыны жазылған. Көрермен назарына тарихи қойылымдар ұсынылмақ. Музей саласының мамандары  озық тәжірибемен алмасып, БҚО-дағы музей ісінің үздіктерінің жетістіктерімен танысады.

Форумды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Батыс Қазақстан облысының  мәдениет басқармасы мен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастыруда. Аталған шара тек Орал қаласысында емес, Теректі, Сырым, Жәнібек, Бөкейордасы аудандарында жалғасады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған «Жайықтың қасиетті орындары» форумының мақсаты Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраларын сақтау және насихаттау, Жайықтың киелі жерлерінің жүйелі түрде  ғылыми  зерттелуіне жол ашу, өңір тұрғындарының туған өлке тарихына қызығушылығы мен жауапкершілігін арттыру дейді ұйымдастырушылар.

Форум Оралдағы Достық үйінде ашылып, пленарлық және секциялық отырыстар өтуде. Оған жергілікті және еліміздің әр түкпірінен келген өлкетанушылар, тарихшылар, музейтанушылар, облыстық музейлердің басшылары, музей қызметкерлері мен осы саланың ардагерлері қатысуда.

Бүгін, яғни 18 маусым күні сағат 15:00-ден бастап БҚО тарихи-өлкетану музейінде Павлодар және Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің және  суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмелері ашылады.  Ал сағат 17:00-22:00 аралығында облыстық музей алдында ұмытыла бастаған ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіліп, қолөнершілер жәрмеңкесі, домбыра-party, сән көрсетілімі, мерекелік концерт өтеді. Түнгі 12-ге дейін дәстүрлі «Музей түні» шарасы жалғаспақ.

Нұрлыбек Рахманов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале