22.11.2017, 9:56
Оқылды: 25

«Оралда өндіріліп жатқан жылу үнемдегіш терезелердің тұсаукесерін Астанада ұйымдастыру керек»

«Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының сапары «Стекло-Сервис» ЖШС-ында жалғасты.

Серіктестіктің бас директоры Аркадий Рубцов бастапқыда әйнек кесетін шағын шеберханадан бастау алған өндіріс орны мемлекеттің қолдауы арқасында Қазақстандағы әйнек өндіретін ірі орталыққа айналғанын айтты. Мұнда 2007 жылы әйнек пакеттері шығарыла бастаса, 2010 жылдан бастап шыңдалған әйнек жасау өндіріске енгізді. Ең бастысы, құрылыс нарығына қуат үнемдегіш және қауіпсіз әйнектер ұсынылуда. Соңғы кезде австралиялық технология бойынша термотөзімділігі күшейтілген әйнек өндірілуде.

-2012 жылы өндірісті модернизациялаудың І кезеңі аяқталды. 2014 жылы әйнекті сырлау, кептіру және салқындату желісі іске қосылды. Әйнекті эмалдау қызметі пайда болды. 2016 жылы әйнекке түрлі түсті мөрлеуді жүргізуге мүмкіндік беретін желі құрылғысы пайдалануға берілді. Ал биылдан бастап финдермен бірлесіп жылу қуатын өнімдейтін терезе құрыстырала бастады. Серіктестік өнімдерін негізінен Батыс Қазақстан аймақтары тұтынады. Экспортқа келсек, 2012 жылы оның көлемі 9 пайыз болса, былтыр 40 пайызға жетті, биыл оның көлемі 50 пайызға жуықтамақшы,-деді Аркадий Рубцов.

«Стекло-Сервис» еліміздегі салмақты компанияның біріне айналғанын айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед жылу үнемдегіш терезелер бүгінде еліміздің нарығында үлкен сұранысқа ие екенін атап өтіп, мұндай өнімдерді Астанаға апарып, арнайы тұсаукесер шарасын жасауды ұсынды. «Егер осындай терезелер кең қолданысқа енгізілсе, қаншама қуат көздері үнемделер еді,-деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.-Мәселен, еліміздің орталық, солтүстік, шығыс өңірілеріндегі үйлерді, нысандарды жылытуға қаншама қаржы кетіп жатыр. Ал мына терезелер жылуды екі еседен көп болмаса, аз үнемдемейтіні көрініп тұр. Олар кеткен шығынды үш-төрт жылда ақтайды».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале