14.03.2018, 17:30
Оқылды: 228

Оралда «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» сайысы өтті

Бүгін Орал қаласындағы Оқушылар  сарайында облыстық «Өнерлі қыз, өнегелі жеңге» сайысы өтті. Облыстық білім басқармасы мен облыстық «Дарын» қосымша білім  орталығы ұйымдастырған дәстүрлі байқауға Орал қаласы мен  облысымыздың 12 ауданынан келген сайыскерлер қатысты.

Халықтың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, халық өнегесін насихаттап,  отбасы мәртебесін нығайтуды мақсат еткен сайыс төрт бөлімнен тұрды.

«Өнерлінің қолы алтын»  атты бөлімде  сайысқа қатысушылар  үйден жасап алып келген қолөнер бұйымдарын көрмеге қойды. «Бірлігіміз жарасқан» атты екінші бөлімде жеңгелер мен қайын сіңілілер   бейнероликті пайдалана отырып, отбасын таныстырды. Бейнероликте жанұядағы қайын сіңілі мен жеңгенің арасындағы татулық, бірлік,  отбасылық құндылықтар көрініс тапты. Отбасындағы татулық, дастархан әдебі, ибалылық жөнінде тағылымды ойлар айтылды. «Өнегелі жеңге» бөлімінде жеңгелер  ситуациялық сұрақтарға жауап берсе, «Өнерліге өріс кең» кезеңінде жеңге мен қайын сіңілілер  өз өнерлерін ортаға салды.

Байқау нәтижесі бойынша, бірінші  орын өнерімен де, өнегесімен де көрермендерді тәнті еткен ақжайықтық Айсұлу Қабашева мен жеңгесі Зухра Құсайыноваға бұйырды. Ал екінші орынды  Бөрлі  мен Жаңақала аудандарынан келген қатысушылар  бөліп алса, үшінші орын  Бөкей Ордасы ауданы мен Орал қаласының қатысушыларына  бұйырды.

                                                                          Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале