20.04.2018, 11:15
Оқылды: 75

Оралда Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқулары байқауы өтті

DSC_3121Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында дәстүрлі Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқулары байқауы өтті.

Облыстық тілдерді дамыту  басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқауға 26 үміткер қатысты. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, көркем әдебиетті насихаттауды жандандырып, талантты жастарды табуды мақсат еткен байқауға 16-22 жас аралығындағы оқушы, студенттер қатысты. Байқауда бақ сынаған өрімдей жастар Оралхан Бөкейдің және басқа да қазақтың белгілі қаламгерлерінің прозалық, драмалық шығармаларынан үзінді оқыды.

DSC_3124Байқауға үміткерлер барынша дайындалған. Әр сөзінің мән-мағынасын жүрегімен сезініп, оқыған шығармасын мөлдіретіп жеткізе білген өрендер аз болған жоқ. Телефонға телмірген заманда, кітап оқитын жастардың бар екеніне шын қуандық. Байқаудың сарапшылары үміткерлердің көркем  мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударды.  Тағы бір байқағанымыз -үміткерлердің жартысына жуығының тіл тазалығына мән бермейтіндігі бізді алаңдатты. Біразы "ң" дыбысын "н" дыбысымен шатыстырып жатты. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне сын боларлық дүние деп ойлаймыз.

Сонымен үш сағатқа созылған байқау нәтижесінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің студенті Ернұр Кінәмаев бас жүлде, Индустриалды колледждің оқытушысы Бақтияр Қалиев-бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар мен алғысхаттармен  марапатталды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале