1.03.2018, 15:31
Оқылды: 26

Оралда өткен «Егіз әуен» дуэт кеші көптің көңілінен шықты

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында аталмыш мекеме әртістерінен құралған «Егіз әуен» атты дуэт кеші өтті.

Кештің шымылдығын ҚР еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахымова мен Альбина Рамазанова «Орал вальсі» әнімен ашты. Сондай-ақ ерекше дауыс иесі Айбар Қайырханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайреткері Қатимолла Бердіғалиев қосыла ән шырқады.

Көрермен қауымның алдында көбінесе дәстүрлі әндерімен танылып жүрген Күләш Қуанышқалиева мен Ақмарал Ахметова осы жолы «Музыка нас связала» әнін шырқап, көрерменді бір серпілтті. Қалай болғанда да көрермендердің тарапынан домбыраның үнін естімей кету мүмкін емес еді. Тыңдарманның ойын оқып қойғандай сәлден соң Фархат Оразов пен Ақмарал Кемелханова халық әні «Құрбыжанды» нақышына келтіре орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды.

Ал Тимур Мусин, Ақбота Молдағайынова, Асланбек Қуаналиев, Айым Шекеева, Дархан Құлбабаев, Гүлфаризат Нұрсейітова сияқты жас таланттардың айтқан әндері концерт залын әсем әуенге бөледі. Концерттің аты айтып тұрғандай қос дауыстың бір арнаға тоғысып тыңдарман қауымға демалыс сыйлағаны сөзсіз. Аталмыш шараның өтуіне тыңғылықты дайындығы мен ұжымның бір-біріне деген сыйластығы киелі сахнадан айтпай-ақ байқалып тұрды.

«Назерке» халық би ансамблі мен «Step up» би ансамбльдерінің өнерлері әншілердің орындауындағы әндердің шырайын аша түсті.

«Егіз әуен» атты ерекше форматтағы кешке жиналған жұртшылық филармония әртістерінің өнерлеріне ризашылығын білдіріп, құшақтарын гүл шоғына толтырды.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

Фото автордікі

egiz auen 4 egiz auen 2

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале