6.11.2017, 17:01
Оқылды: 56

Оралда өткен жәрмеңкелерде 240 млн. теңгенің өнімі сатылған

Сәуір айынан бастап Орал қаласында барлығы 31 жәрмеңке өткізілді. Сатылған тауарлардың жалпы сомасы 240,0 млн. теңгені құрады, деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шаруа қожалықтарына және саяжайшыларға өз өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға тікелей ұсынуға жағдай жасау мақсатында Орал қаласының Ихсанов көшесінің бойында әр сенбі, жексенбі күні ауылшаруашылығы тауарлары өнімдерінің кеңейтілген жәрмеңкесі өткізіліп келді.

Жәрмеңкеге 50-ге жуық облыстық және қала маңының ауыл шаруашылығы тауар өндіруші өз өнімін саттыққа шығарды. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге және саяжайшыларға сауда орындары тегін берілді.

Аталмыш жәрмеңкелер картоп бағасын нарықта тұрақтандыру жолында зор пайдасын тигізді. Қазан айының басында картоптың нарықтық бағасы 130 теңге, дүкен сөрелерінде 150 теңге болса, жәрмеңкеде келісі 90 теңгеден сатылып, нарықтық баға 100-110 теңгеге дейін тұрақтандырылды.

Бүгінге дейінгі өткізілген барлық жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 852 тонна ауылшаруашылығы өнімі, 83,7 тонна ет, 17 тонна балық және 216 мың дана жұмыртқа сатылды. Сатылған тауарлардың жалпы сомасы 240,0 млн. теңгені құрады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале