7.06.2019, 18:10
Оқылды: 431

Оралда панельді радиаторлар шығарылады

Облыс басшысы «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да болып, трансформаторларға арналған салқындатқыш панельді радиаторлар шығаратын жаңа цехтың құрылыс алаңына капсула салды.

 kapsula (2)

-Елімізде өңдеу өнеркәсібін дамытуға көңіл бөлінуде. Облыста машина жасау саласын дамытудың әлеуетінің мықты және базасының бар екенін ескере отырып, көптеген кәсіпорында осы бағытта жұмыстар жалғасуда. Бұрын бос тұрған «Омега» зауытының өндірістік алаңында трансформаторлар өндірісі  жолға қойылды. Жылына 10 мың трансформатор шығаратын кәсіпорынның өнімінің 96%-ы Ресейге экспортқа шығарылады. Зауыт базасында түрік инвесторларымен бірге электроқалқан жабдықтары өндірісі ұйымдастырылды. Енді өндірістегі өнімдер түрін молайту және трансформатордың өзіндік құнын арзандату мақсатында 35-110-220-500 кВ-тық трансформаторларға арналған салқындатқыш панелді радиаторлар шығару жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру электр техникалық машина жасау саласының дамуына үлес қосып, сырттан тасымалданатын осындай өнім көлемін азайтуға мүмкіндік береді, - деді Алтай Көлгінов салтанатты шарада.

kapsula (3)

Жиында  «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай Айғожаұлы сөз алып, жобаға сәттілік тіледі.

 «Электр техникалық жабдықтар шығаратын өндіріс орнына жұмысшы мамандарын колледжде, инженер-электртехниктерді университеттерде даярлау қажет. Білікті мамансыз сапалы өнім шығару қиын», - деді К. Айғожаұлы.

 «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры Ақжол Сауранбаевтың айтуынша, елімізде панельді радиаторлар шығарылмайды.

kapsula (1)

Жалпы жобаға 4 млрд. теңге шамасында инвестиция жұмсалмақ. Жаңа өндірістік цехта жылына 3000 тонна өнім шығару көзделген. Өнімнің 30%-ы елімізде, ал 70%-ы сыртқа шығарылмақ. Цех құрылысы биыл басталып, бір жыл көлемінде аяқталмақ.  Бүгінде зауытта 250 адам еңбек етеді. Жоба іске қосылғанда 110 адамға жұмыс беріледі.

Гүлбаршын Әжігереева,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале