26.12.2016, 16:38
Оқылды: 34

Оралда Президент шыршасына қатысқан әр балаға 80 мың теңгенің сыйлығы берілді

prezident-shirshasi-01  Облыстық  қазақ  драма театрында  жылдағы дәстүр бойынша балаларға арналған ҚР Президентінің жаңажылдық шыршасы өтті. Өңіріміздің әр түкпірінен Елбасы шыршасына 9-13 жас аралығындағы жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан балаларға қоса, оқуда, спортта, шығармашылық, қоғамдық өмірде табысқа жеткен - барлығы 180 бала қатысты. Олардың 126-сы ауылдық жерлерден, 6-уы балалар үйінің, 15-і даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнаулы мекемелердің тәрбиеленушілері болса, 9-ы облыстық мектептердің, 24-і қаламыздағы білім ошақтарының өрендері.


  Жылдағыдай жасыл шырша жанына жиналып, ән айтып, би билеген балғындар Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтті. Белгілі «Еріншектер елі» мультфилімінің кейіпкерлері Спортакус пен Стефани шырша тойын қыздыра түсті.  Мерекелік бағдарлама сәтінде шыршаны жағалап, ән салған балғындар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өздерін құттықтаған бейнеүндеуін тыңдады.

15722807_616110041920417_1715435207_n  -Қымбатты балалар! Жаңа жыл - әр бала асыға күтетін мерейлі мейрам, жақсылық жаршысы. Бұл - ең алдымен балалардың мерекесі,  кішкентайлардың қуанышы. Сендер Тәуелсіз елде өсіп келе жатқан нағыз бақытты ұрпақсыңдар! Мен өздеріңді және еліміздегі барлық балаларды жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі шырша тойы есте қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Ұлы дала елінің ұлағатты ұландары үнемі алдыңғы қатарда болу керек. Біз сіздердің ақылды да, алғыр  зерделі де, зерек болып өскендеріңді қалаймыз. Еліміздің болашағын сеніп тапсыратын үкілі үмітіміз - өздерің! Сол үшін сіздерге біздің мемлекетіміз бар мүмкіндікті жасап келеді. Асқақ армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өніп, көркейе беріңдер! Жаңа жылымыз құтты болсын! -деді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.

15683365_616110178587070_1869011428_n  Қызыл-жасыл түрге еніп, түрлі кейіпкерлерді сомдап, әдемі киінген балалардың риясыз күлкісі мен жарқын-жарқын дауыстары шырша тойының шырайын аша түсті. Осы мерекеге арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа жылдық  шыршаның  шамын жағып, балалармен бірге қол ұстасып, би билеп, ойындарға қатысты. Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы балаларға ақжарма тілегін арнап,  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда «Айналайын!  Келе жатқан 2017 жылмен шын жүректен құттықтаймын!  Жаңа жылда ұлы білім әлеміне деген  сенің шынайы талабың өссін! Жастық жалынмен ой-өрісің дамып, кеңейсін! Туған халқыңмен барша адамзат игілігі үшін ғаламдық өркениеттің интелектуалдық байлығын талмай игере бер!» деп жазылған.

  Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша, шырша тойын өткізуге жалпы сомасы 15,7 млн. 15722461_616110018587086_1455470230_nтеңге қаражат жұмсалған. ҚР Президенті атынан жаңа жылдық шыршаға қатысқан әр балаға құны 80 мың теңге тұратын сыйлық берілді. Оның ішінде (қысқы сырт киім, қысқы аяқ киім, бас киім, шарф, спорттық костюм, спорттық аяқ киім, жемпір, джинсы, күзгі күрте және тәтті сыйлық) бар. Сондай-ақ балалар «Funky Town» орталығындағы аттракциондарда болып, танысу кеші мен қағазды шоуға қатысты.

  Шырша тойының соңында балалар облыс әкімі Алтай Көлгіновпен естелік суретке түсті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале