31.05.2019, 15:00
Оқылды: 174

Оралда саяси қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағышталды

Бүгін ертемен жаңа бейіттегі саяси құрбандарға арналған ескерткіш жанына жиналған жұртшылық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды.

31 2019 1

Азалы жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, қала әкімі Мұрат Мұқаев, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысып, сол замандағы зобалаң жылдардың құрбаны болған жандардың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады.

         Елбасының 1997 жылғы 5-сәуірдегі Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Бұл күндер халқымыздың басынан өткен төл тарихтың белгісіз болып кеткен беттерін терең ұғынуы үшін, сол қателіктердің болашақта қайталанбауы үшін қажет. Статистикаға сүйенсек, ХХ ғасырдың бейбіт кезеңдерінде әлемнің түрлі елдерінде 170 млн. адам мерт болған екен. Ал саяси қуғын-сүргін болған 1927-53 жылдары Қазақстанда қуғын-сүргінге 103 мың адам ұшырап, 25 мың адам атылған. Солардың арасында батысқазақстандықтар да болды.

Азалы жиында Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешіттің бас имамы Мейрамбек Абдрахманов қуғын-сүргін құрбандарына Құран бағыштады. Орал епархиясы Стефан Капинос христиандық діни рәсім-жоралғысын орындады.

31 2019

«Бүгін барша еліміз үшін –  айрықша күн. Сонау, өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдары «халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жүргізілген саясаттың салдарынан талай боздақ қуғынға ұшырады, тіпті олардың жақын-туыстары да жапа шекті. Бүгін біз солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алу үшін жиналдық. Жастарымызды тарихты ұмытпауға тәрбиелеуіміз керек. Зорлық пен зомбылық көріп көз жұмған бауырларымыздың ерлік күресі, қастерлі есімдері ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың рухын қастер тұтып, басымызды иеміз» деді БҚАТУ доценті Болатқали Төлебаев.

Бұдан соң жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Азалы жиын соңында облыс әкімі Алтай Көлгінов саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің қайта жаңғыртылатынын жеткізді.

 Бұл күні Мұнайшылар гүлбағындағы саяси құрбандар аллеясына, саяси қуғын-сүргін құрбандары Ж.Досмұхамедов пен Ш.Қаратеваға орнатылған ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, бабалар рухына тағзым жасалды.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале