20.07.2020, 16:47
Оқылды: 480

Оралда спорттық алаңдар жаңартылды

Жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуде, бұқаралық спортты дамытуда, ең бастысы қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттық алаңдардың маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Орал қалалық әкімдігі бұдан он жыл бұрын салынған 6 спорт алаңын жаңартып, жөндеуден өткізген.

E94C5859-FAFA-43EB-8017-690CE6130D50

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Орал» спорт клубының директоры Есқабыл Жалмұрзиевтің айтуынша, шаһар аумағында аталмыш клубқа қарасты 52 спорттық және ойын алаңы бар. Олардың басым көпшілігінің жабдықтары тозған, ұзақ жыл бойы жөндеу көрмеген. Оның үстіне спорттық нысандар кейбір санасыз тұрғындардың кесірінен «зардап» шегеді.

80BDCD0A-0B92-49AA-A3A2-F3EB14D1C49E

- Спорттық алаңдардың қайсыбірінің қоршауы, баскетбол сақинасы, футбол қақпасы қолдан қасақана бұзылған. Мемлекеттің дүниесі болғанымен, тұрғындар өздерінің мүлкіндей көріп қамқорласа дейміз. Өз балалары үшін, әрине. Алаңдардағы жасанды төсеніштердің көпшілігі тозғандықтан оларды жаңалау қажет. Биыл алты алаңдағы төсенішті жаңарттық. Әлі де 10 алаңның төсенішін жаңалау қажет, - деді Есқабыл Жалмұрзиев.

BA4E47EE-0131-4FE6-8469-2DEF55DEF326

Пресс-тур барысында журналистер  Сырым Датов көшесіндегі «Променад» сауда үйінің маңындағы жөндеуден өткен спорттық алаңға барды. 2011 жылы пайдалануға берілген бұл алаңның төсеніші (жасанды газон) ұзақ пайдаланғандықтан әбден жұқарып, көбесі сөгіліп біткен-тұғын. Жасанды төсеніштерді пайдалану мерзімі 5-6 жылға есептелген. Бұдан бір ай жарым басталған жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Мұндағы жасанды көгал жергілікті өнім резеңке төсенішпен ауыстырылған.

Биыл қала әкімдігі Сырым Датов көшесі 17, Жаңа Орда 3, Назарбаев даңғылы 203, Құрылысшы шағынауданы 43, Тайманов көшесі 176 және Круглоозерный ауылындағы спорттық алаңдарды жөндеуден өткізуге 20 млн.теңге бөлді. Бөлінген қаржы жоспарға сай 1 шілдеге дейін толықтай игерілген. Жаңарту жұмыстарымен «Алтын ел» жеке кәсіпкерлігі айналысқан. Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Артур Шерғалиевтің айтуынша, өткен жылы 7 спорттық алаң жөндеуден өткізіліп, 31 алаңда ағымдағы жөндеу жасалған.

Қала аумағындағы барлық 52 спорт алаңның 10-ы қысқы, төртеуі әмбебап, өткен жылы «Самұрық-Қазына» қоры екі алаңды клуб теңгеріміне берді. Балауса және Құс фабрикасы шағынауданында орналасқан спорттық-ойын алаңдары жазғы кезеңде футбол, баскетбол ойындарына лайықталса, қысқы маусымда хоккей ойнайтын жасанды мұз айдыны бола алады әрі балалар ойнайтын жабдықтары, тренажерлері бар.

«Орал» спорт клубының директоры барлық спорттық алаңы уақтылы тазаланып,  ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырғандығын айтты. Алайда бір жұмысшыға 9 спорттық алаңнан бекітілгендіктен, қыстағы қалың қарда, көктемгі лайсаң балшықта  барлығын тазалап шығу қиындау тиетіні ақиқат. Оның үстіне жыл санап «етек-жеңі» жайылып, далиып бар жатқан қаланың әр қиырында орналасқан алаңдарға жетудің өз қиындығы бар.  Бүгінде шаһар бойынша 22 орынға спорттық алаң салу қажеттігі туып отыр.

Гүлбаршын  Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале