11.12.2018, 18:44
Оқылды: 62

Оралда «TALANT. SHABYT. TALAP» атты облыстық форумы өтуде

 Еліміздегі қосымша білім беру ұйымдарына жүз жыл толуына орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының міндеттерін жүзеге асыру мақсатында 10-13 желтоқсан «Батыс O`SY` VEKTORY» мектебі аясында «TALANT. SHABYT. TALAP» атты облыстық форум өтуде. Төрт күндік форум жұмысына Орал қаласы мен барлық аудандардағы қосымша білім беру ұйымдарының басшылық құрамы мен педагогтары қатысуда.

forum (12)

-Форумның басты мақсаты – қосымша білім беру ұйымдарының рөлін арттырып, бұл жауапты қызметтің бала тәрбиесіндегі маңызын кеңірек түсіндіре отырып, қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби мамандардың көмегімен өз білімдерін жетілдіруіне жағдай жасау. Педагогтардың бүгінгі заманғы сын-тегеуріндерге сай бейімделуіне, білім саласындағы өзгерістерді шынайы түрде қабылдауға және оны қоғамға, ата-аналар мен оқушыларға жеткізуге жәрдемдесу. Бүгінде Орал қаласы мен барлық аудан орталықтарында алпысқа жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді,-деді облыстық әдістемелік кабинеттің директоры Аягөз Хамзина.

Форумның «Оқушылар және жастар сарайында» өткен ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, қосымша білім беру ұйымдарының ғасырлық мерейтойымен құттықтап, педагогтардың шеберлігін арттырып, біліктілігін шыңдауда «Батыс O`SY` VEKTORY» аясында ұйымдастырылған аталмыш шараның маңыздылығын атап өтті.

- Ұстаздар жақсы жалақы төленетін жерге жиі кетіп жатады. Ал саз, өнер, қолөнер, техникалық-шығармашылық мектептер сияқты қосымша білім беру ұйымдарына кез келген адам келе бермейді. Бұл салада өз мамандығына адал, өз ісін жан-тәнімен сүйетін педагогтар ғана аянбай тер төгеді. Өйткені талантты, дарынды, ерекше балалармен жұмыс істеу өте жауапты әрі күрделі міндет. Баланың бойындағы өнері мен қабілетін қайтсем ашамын, қалай өнер-ғылымға баулимын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары алдында басымды иемін,- деді Шолпан Маратқызы.

Педагогтарға «Психологиялық жайлылық аймағы» тақырыбында психологиялық тренинг өткізген Гүлнәр Кабулованың пайымдауынша, бұл жобаның берері көп.

-Ұстаздар өздерінің күнделікті жұмысында жаңашылдықты, инновацияны көбірек енгізгендері жөн. Эмоционалдық көңіл-күй қалыптастыру, ұжыммен жұмыс жасауға үйрету, ортақ нәтиже жолында біріктіру және күйбең тірліктен сананы сергіту бағытында ойын және сұрақ-жауап түріндегі тренинг өткіздім. Енді олар үйренген жаңашыл әдіс-тәсілдерді аудан-ауылдардағы өзге әріптестеріне үйретіп, тәжірибе алмасатын болады,-деді психология саласында ширек ғасырлық еңбек өтілі бар кәсіби психолог.

Заманауи ақпарат құралдарының, әсіресе, әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған заманда жастарды толассыз ақпарат ағынынан қорғау, ғаламторды игілікке жарата білуге тәрбиелеу де қосымша білім беру ұйымдарына жүктелер ауқымды әрі маңызды міндет. Форумның екінші күні  «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитұлы ақпарат туралы жалпы түсінік беріп, дәстүрлі медиа мен жаңа медианың қақтығысы, ақпаратты сауатты жазу және газеттің болашағы қандай деген мәселелер төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті.

-Кім ақпаратқа иелік етеді, сол әлемді билейді. Сондықтан біздің өмірімізде ақпарат зор маңызға ие. Қазір бір тетікті бассаңыз ақпарат әлемнің бір түкпірінен екінші түкпіріне сол мезетте-ақ жетеді. Яғни, біздің әлем қазір өте тарылып қалды. Бір ауылдың, бір көшенің тұрғындары сияқтымыз. Осы тұста ғаламтор дәстүрлі медианы жойып жібереді деген пікірмен қатар, дәстүрлі БАҚ өміршеңдігін сақтап қалады деген қарама-қайшы пікірлер қақтығысы бар. Екіжақтың да сөзінің астарында негіз бар. Әлеуметтік желілер мен веб-сайттардың ақпаратты лезде таратуда бәсі басымдау болғанымен, газет-журналдарға жүктелер міндет одан да ауқымдырақ. Қазір біз оқырманға сараптамалық-талдамалық және танымдық мақалаларды көбірек ұсынуға ден қойып жүрміз. Барлық мемлекет үшін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Балаларды ғаламтордан да шектемеу керек, дегенмен, бала жастан газет пен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды да ұмытпағанымыз жөн,-деді Рауан Сәбитұлы.

Форум барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев, ардагер-ұстаз, айтыскер-ақын Шолпан Қыдырниязова, Орал педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахишевалар дәріс оқып, «Шебердің қолы ортақ», «Шеберлік әлемі: балалар мен ересектер шығармашылығы» атты шеберлік сағаттары өтті. Жаңашылдығымен және белсенділігімен көзге түскен бір топ педагог алғысхатпен марапатталды.

forum (1) forum (2) forum (4) forum (5) forum (6) forum (7)

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале