18.05.2018, 15:33
Оқылды: 78

Оралда татуласу кабинеті ашылды

 

Орал қаласындағы №2 сот ғимаратында екі тарапты татуластыру рәсімдерін жүргізуге арналған  татуласу  кабинеті ашылды. Бұл шараға облыстық сот төрағасы Бек Әметов, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Ержан Қалиев, судьялар мен медиаторлар, мүдделі құрылым өкілдері қатысты.

- Бүгінде еліміздегі  сот жүйесіндегі реформалардың бірден бір көрінісі медиация  рәсімдерінің жүргізілуі болып табылады. Даулардың медиация арқылы шешілуінің мәні мен маңызын арттыру барысында  татуласу кабинеті ашылып отыр. Бұл кабинетте татуласуға жататын талап-арыздар бойынша дауласушы екі жақты бес күн ішінде келісімге келтіруге барлық мүмкіндік қарастырылады. №2 сот облыстағы жалпы азаматтық істердің 75 пайызын қарайды. Яғни 4 істің 3-еуі осында қаралады. Қалған 4 істің 1-еуі аудандық соттардың еншісінде. Олардың барлығы дерлік, яғни 50 пайыздан астамы медиациялық келісім, бітімгершілік келісім арқылы және сот медиациямен шешіліп жатыр, - деген Бек Әметұлы ақпарат құралдарында медиация туралы жиі жариялануы қажеттігін айтып, халықты  кез келген дауды, кикілжіңді медиация арқылы шешуге үндеді.

Бек Әметұлы өз сөзінде татуласу кабинетіне татуластырушы судья ретінде Алтын Айтуарова тағайындалғанын айтып өтті. Яғни кәсіби деңгейде медиация мүмкіндіктерін түсіндіріп, тараптарға өзара тиімді шарттарға келуге көмек көрсететін бітімгер-судья бекітілген. Бұл кабинетте ажырасуға, мүлікті бөлісуге, тұрмыстық және еңбек дауларын шешуге арналған азаматтық істерге қатысты екі тараптың талап-арыздары қаралатын болады. Екі айға дейін созылатын сот талқылауына қарағанда, сотқа дейінгі татуласу тараптарға сотта әуре-сарсаңға түспеуге, уақытты және сотқа жүгінуге байланысты шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе өзара келісу арқылы екі тараптың тату қарым-қатынасы сақталатын болады.

- Жоғары сот төрағасының өкімімен татуластыру рәсімі бойынша пилоттық жоба қолға алынған болатын. Бұл татулас кабинеті жұмысын ағымдағы жылдың 10 мамыры күні бастаған болатын. Осы аралықта менің қарауыма  68 азаматтық іс түсіп,  13 іс медиация арқылы шешілді. Мен №2 қалалық сотқа түскен азаматтық істерді қараймын. Сотқа түскен арызды сот өндірісіне қабылданбастан бұрын бес жұмыс күні ішінде тез әрі  екі тараптың өзара келісімімен шешуім қажет.  Жоғарыда қаралған  істерді категорияларға бөліп айтсақ, 8-і ажырасу жөніндегі талап-арыз, 2-уі жол-көлік оқиғасы бойынша келтірілген зиянды өндіріп алу, біреуі ар-намысты қорғау және екеуі қарызды қайтарып алу жөніндегі істер болды, - дейді №2 Орал қалалық сотының судья-медиаторы Алтын Айтуарова.

Шара барысында Ғайса Қапақов қоғамдық медиаторларды көбейту, кәсіби емес медиатоларды оқыту қажеттігі жөнінде өз ойын айтса, Ержан Қалиев татуласу кабинеті соттағы реформаның жандана түсуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.

Татуласу кабинеті облысымыздағы  медиаторлардың  өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісетін әдістемелік орталық ретінде де қызмет ететін болады.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале