26.11.2019, 12:13
Оқылды: 390

Оралда тегін көрсетілетін мемлекеттік қызмет ақылы болып келгені анықталды

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы департаменті – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган.

sot

Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, заңнамаға сәйкестігін анықтау мақсатында «Орал қалалық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығымен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жүргізілген жоспардан тыс тексеріс қорытындысында «Ветеринариялық анықтамалар беру» мемлекеттік қызметінің ақылы көрсетіліп отырғандығы анықталды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 мамырдағы № 7-1/418 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес «Ветеринариялық анықтамалар беру» мемлекеттік қызметі жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.

Алайда ветеринариялық станциясы директорымен ветеринария бөлімі басшысының келісімімен заңда көрсетілген талаптарын бұза отырып, ветеринариялық анықтаманың бланкісі үшін жеке тұлғаларға 200 теңге, заңды тұлғаларға 250 теңге мөлшерінде ақы тағайындаған. Жыл басынан бері 2000-ға жуық ветеринариялық анықтама беріліп заңсыз ақы алынғаны белгілі болды.

Осыған байланысты департамент анықтаған бұзушылықтарды жою және қызмет алушылардың құқықтарын қалпына келтіру туралы нұсқама жолданды. Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін Орал қаласы ветеринария бөлімінің басшысы сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылса, ветеринарлық станциясының директорына Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 465-бабы 2-бөліміне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 37875 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Осындай тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ақылы қызмет көрсетілуі орын алған жағдайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің 8(7112) 50-41-18, 51-01-94 телефон нөмірлеріне хабарлауға болатынын ескертеміз.

 

Б.Ибрашев,

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

БҚО бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале