1.03.2019, 14:05
Оқылды: 21

Оралда терракт ұйымдастырмақ болған топқа сот үкімі шықты

Сотталған сегіз адамның үлкені 52 жаста болса, ең кішісі 16 жаста. 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында Ж.Ескендіров «салафи жиһад» бағытын ұстанатын, діни радикалдық көзқарастағы А.Исмурзин, Т.Карчегеновпен танысып, Сирияға бармай-ақ Орал қаласында құқық қорғау органдары мен әскерилерге қарсы терроризм актілерін жасау үшін террористік топ құрған.

2018 жылы мамыр айында террористік топты құрушылар Ж.Ескендіров, А.Исмурзин, Т.Карчегеновтер топты күшейту мақсатында Е.Балтабаев, Н.Айтболатов, С.Тлекбаевтың қатысуларымен жиындар ұйымдастырып, уағыздар жүргізген.

Топты құрушы үшеуі әлі қатарларына қосыла қоймаған Е.Балтабаев, Н.Айтболатовпен сөз байласып, жалға алған пәтерге С.Тлекбаев, Р.Жасталапов, кәмелетке толмаған Қ.Бргалиевтерді ертіп келіп діни тақырыпта әңгімелер қозғаған.

2018 жылдың маусым айындағы жиындарында топтың басшысы - «әмірі» ретінде Ж.Ескендіровті сайлап, қалғандары оған сенімділік антын берген. Бұдан әрі қару, оқ-дәрі жинап, тасымалдап, бір-біріне ату тәсілін үйреткен.

2018 жылдың маусым айының соңында Орал қаласында орналасқан Полиция бөліміне, №5517 ішкі әскери бөліміне және Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ғимаратына күтпеген жерден шабуыл жасауға шешім қабылдаған.

25 маусым күні ҰҚК БҚО бойынша департаменті қызметкерлері бұлардың терроризм актісін жасауға бағытталған қылмыстық пиғылмен жүргізілген дайындық әрекеттерін әшкерелеп, ұстайды. Барлығы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.

Ж.Ескендіров (25 жаста) пен А.Исмурзин (35 жаста) ҚК-нің 174-бабы 3-бөлігімен (қылмыстық топпен жасалған діни алауыздықты қоздыру), 256-бабы 2-бөлігімен (терроризмді насихаттау), 259-бабы 2-бөлігімен (терористік әрекетті ұйымдастыру мақсатында кәмелетке толмаған адамды азғырып көндіру), 287-бабы 5-бөлігімен (қылмыстық топ құрамында қаруды заңсыз иемдену, тасымалдау, сақтау), 257-бабы 1-бөлігімен (террористік топты құру, оған басшылық ету), 24-бабы 1-бөлігі 255-бабы 4-бөлігімен (террористік актілер жасауға дайындалу) айыпты деп танылып, әрқайсысына түпкілікті 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Т.Карчегенов (52 жаста) ҚК-нің 174-бабы 3-бөлігімен, 256-бабы 2-бөлігімен, 259-бабы 2-бөлігімен, 257-бабы 1-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен, 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, түпкілікті 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Е.Балтабаев (19 жаста) пен Н.Айтболатов (20 жаста) ҚК-нің 174-бабы 2-бөлігімен (адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, қасақана діни алауыздық қоздыру), 256-бабы 2-бөлігімен, ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, (белгілі бір құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындау) арқылы түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

С.Тлекбаев (21 жаста) ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен 255-бабы 4-бөлігімен айыпты деп танылып, ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, (белгілі бір құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза тағайындау) түпкілікті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Р.Жасталаповқа (18 жаста) ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігімен, ҚК-нің 24-бабы 1-бөлігімен 255-бабы 4-бөлігіменҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, түпкілікті 5 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сот Р.Жасталаповтың денсаулық жағдайын, отбасының жалғыз ұлы екенін, топ басшысының қару әкелгені туралы білмегенін, террористік топтың жиындарына екі рет қатысып, одан кейінгі жиындарға бармағанын, жастығын ескерген.

Кәмелетке толмаған Қ.Бргалиев (16 жаста) ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігімен, 287-бабы 5-бөлігімен, 24-бабы 1-бөлігімен 255-бабы 4-бөлігімен ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігін қолданып, түпкілікті 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Оның кәмелет жасқа толмағанын, террористік топ мүшесі туған ағасы А.Исмурзиннің шақыруымен жалдаған пәтерде бірге тұруы салдарынан олардың азғыруынан топқа кіргенін ескеріп, сот бас бостандығынан айырмай-ақ тәрбиелеп, түзетуге мүмкіндік бар деген қорытындыға келді.

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале