23.05.2018, 9:54
Оқылды: 41

Оралда Ұлттық ұлан жауынгері жоғалған жасөспірімді тапты

Оралда «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің қызметкері Нұрхат Алшағыров жоғалған жасөспірімді тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 17 мамыр күні түнде болғанымен, оның мән-жайы кейін белгілі болды. Сол түні қызметтен кейін қатардағы жауынгер сағат 01.15 шамасында үйіне қонаққа келген туыстарын шығарып салады. Қайтып келе жатқанда, №19 орта мектеп жанында әткеншекте жалғыз отырған жасөспірімді көреді.

Сұрастыра келгенде, құрдастарымен сөзге келіп қалған ол, үйіне бармаған болып шығады. 12 жасар Бекнұрды тыныштандырған жауынгер оны үйіне алып келеді. Бұл кезде ата-анасы іздестіру үшін полиция қызметкерлерін де шақырып қойған екен. Бұл оқиға жөнінде Нұрхат ешкімге тіс жармаған. Тек «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиевтің атына жасөспірімнің анасы Гүлнұр Мұхамбедиеваның алғыс айтып, жазған хатынан кейін мәлім болды.

Айта кетейік, Нұрхат 1998 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 2016-2017 жылдары Астанада Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеген. 2017 жылдың шілдесінен бастап 5517-әскери бөлімге 2-атқыштар ротасының бақылаушысы қызметіне келісімшартпен кіріскен.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале