10.07.2019, 13:18
Оқылды: 103

Оралда «Ән – ұрпаққа аманат» атты фестиваль өтті

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттері мен өнер қайраткерлерінің «Ән – ұрпаққа аманат» атты фестивалі өтті.

 110

Фестиваль әнші-композитор Ғ.Құрманғалиевтің өнері мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнефильммен басталды. Тума таланттың 110 жылдығына арналған ән кешіне Ғ.Құрманғалиевтің ұрпақтары, экономика ғылымдарының докторы, академик, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, ұлы Санат Құрманғалиев, келіні Лайля Қабылқариқызы, өнертанушы-ғалым, немересі Меруерт Санатқызы және бүгінде ұстаздан үйренген тәлім-тәрбиені кейінгі буынға үйретіп, өнер шамшырағын жарқырата түскен бір топ төл шәкірті қатысты.

Көрермен дәстүрлі әншілер Қапаш Құлышованың, Гүлмайдан Сүндетованың, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайрат Кәкімовтың, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Ербол Айтбаевтың, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосынның, ақтөбелік әнші-термеші Хайдар Өтеғалиевтің, М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Бауыржан Сатыбалдиннің орындауындағы әндер мен термелерді ыстық ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Сәуле Таудаева, Сағадат Рахметжанов Мұхиттың «Үлкен Айдайы», Күләш Қуанышқалиева орындаған Нұртуғанның «Қанекей, тілім, сөйлеші» термесі және Серік Абдрахмановтың орындауындағы халық әні «Балжаны» және өзгелерінің өнері жүректерге жылы әсер етті. Көрермен аспандағы аққуға үн қосқан дүлдүлдің «әннің қасиет-құдіретіне кіріп, оны өзіңнің жүрегіңмен халыққа түсіндіріп, шындығыңмен берсең, сонда халыққа ұнайды ғой деп ойлаймын» деп өнерді аманаттаған дауысын тыңдады.

Фестивальде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев көпшілікті ХХ ғасырдағы қазақ мәдениетінің ерен құбылысы Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына орай өңірімізде ұйымдастырылған шаралар жоспарымен таныстырып, әншінің әнін орындайтын ізбасарлары, сол әндерді сүйсініп тыңдайтын көрермені бар да ұлы әншінің аты өшпейтінін айтты. Сондай-ақ алыстан ат арытып келген төл шәкірттеріне алғыс айтып, оларға облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале