19.06.2019, 13:42
Оқылды: 269

Оралда волейболдан жазғы спартакиада аяқталды

12-20 маусым аралығында Орал қаласында спорттың волейбол түрінен республикалық V жазғы спартакиада өтті.

IMG_9009

Еліміздің алты өңірінен келген командалар қатысқан додада батысқазақстанның ерлер командасы жүлделі бірінші, әйелдер командасы екінші орынды иеленіп, жерлестерінің мерейін үстем етті.

Биыл еліміздің барлық ірі қалаларында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының V жазғы спартакиадасының өтуі спорт саласындағы маңызды жаңалықтардың біріне айналуда. Спартакиаданың басты мақсаты – республикамыздың өңірлеріндегі үздік спорт мекемелерін анықтау, 2020 жылғы Токиодағы ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын мықты спортшылар мен командаларды іріктеу.

IMG_9010

Батысқазақстандық волейболшылар жарыстың бірінші күнінен-ақ керемет ойын өрнегін көрсете білді. Алғашында Алматы, кейін Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан өңірлері командаларын ойсырата ұтып, финалдық бәсекеде Маңғыстау облысының командасынан басым түсті.

-Республикалық деңгейдегі бұл бәсекеге біздің өңірден түлеп ұшып, бүгінде еліміздің жоғары деңгейдегі құрамалар сапында ойнап жүрген жерлестеріміз бас қосып, мықты команда шығарды. Бұл осы өңірде өсіп, шынығып, үлкен спортқа бағыт алған спортшыларымыздың бірлігі және туған жерге деген құрметі деп білемін. Тартысты бәсекеде біздің жігіттер командасы бірінші, ал қыздар командасы екінші орын иеленді. Бұл өте жоғары көрсеткіш,-деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Облыстық құрама сапындағы команда капитаны Виталий Вориводин, ойыншылар Антон Кузницов пен Петр Чурзин бүгінде Атырау облысының ұлттық құрамасында, Владимир Прокофьев, Қайрат Байбеков, Данияр Нұрмұханбетов Маңғыстау командасында өнер көрсетеді. Ал Мирлан Бадашев, Денис Кучеров «ТНК-Казхром» құрамасында, Михаил Пономоренко «Есіл», Азамат Рахов «Қайсар», Айдын Әділбеков «Жайық», Евгений Гоф «Тараз» ұлттық құрамалар сапында ойнайды.

Волейболдан әйелдер арасында өткен жарыста Алматы өңірінің командасы бірінші, БҚО командасы екінші, Қарағанды облысының құрамасы үшінші орынды иеленді. Ерлер арасындағы додода біздің жерлестеріміз бірінші, Солтүстік Қазақстан құрамасы екінші, Алматы облысының командасы үшінші орынды жеңіп алды.

Сайыстың жабылу салтанатында жеңімпаз командалар мен спортшыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Нұрбек Оразаев,

суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

IMG_9018 IMG_9036 IMG_9089 IMG_9095 IMG_9100 IMG_9114

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале