12.12.2018, 13:05
Оқылды: 98

Оралда «Жаһанша оқулары» өтуде

Аталмыш шара Тәуелсіздік мерекесі және Ж.Досмұхамедов атындағы  педколледжге алаш ардақтысының есімі берілгеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

image001_7

Шара Жаһанша Досмұхамедұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Қонақтарға Жаһаншаның, алаштың тарихын насихаттау бағытында бүгінгі таңда колледжде атқарылып жатқан сан салалы жұмыстар таныстырылды. Колледжде «Рухани мұра» кабинеті ашылды.

Пленарлық отырыс колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы Светлана Бахишеваның алғы сөзімен ашылып, шарада Жайсаң Ақбай, тарихшылар Дәметкен Сүлейменова, Жаңабек Жақсығалиев, Есқайрат Хайдаров, Жантас Сафуллин, Айнагүл Ойшыбаева, Самат Құрманалин сынды Жаһанша мұрасын зерттеуші өлкетанушылар, тарихшылар еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Жаһанша тақырыбының зерттеле бастауы, алғашқы мәліметтердің қалай табылғаны туралы қызықты деректерімен бөлісті.

Теректі ауданының прокуроры, заң доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Равиль Мәжитов нақты тарихи құжаттардан Жаһаншаның қайраткерлік келбетін танытатын құнды мәліметтер келтірді. Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллин Мәскеудегі Жаһанша тұрған үйге ескерткіш тақта орнату бағытында қолға алынған істер туралы баяндады.

Бір айта кетерлігі, колледждің үздік оқитын, белсенді студенттеріне тұңғыш рет Жаһанша Досмұхамедов атындағы шәкіртақы табысталды. Бұл игілікті бастамаға белгілі жеке кәсіпкер Жұмабай Айтуев демеушілік танытқан. Жұмабай Есқабылұлы осыған дейін Орал қаласының іргесіндегі Серебряков ауылының тұрғындары үшін өз қаражатына мешіт салып берген болатын.

Күні бойы түрлі секциялық отырыстармен жалғасатын «Жаһанша оқуларында» жастар журналист, ақын, Егемен Қазақстан газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлымен кездеспек.

Еске сала кетейік, бүгін – Алаш Орда үкіметінің құрылған күні. Бұдан 101 жыл бұрын 1917 жылдың 12 желтоқсанында, Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде Алаш Орда үкіметін құрылғаны жарияланған болатын. Орынбор қаласындағы жалпықазақ съезі 5-13 желтоқсан аралығында өтті.

eab82a9f-74ca-43c0-927d-2244cc217e89

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале