20.02.2018, 14:26
Оқылды: 125

Оралда «Жайсаңдар жайлы толғаныс» кітабының тұсаукесері өтті

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде мемлекет және қоғам қайраткері, майдангер, журналист Бисен Жұмағалиевтің «Жайсаңдар жайлы толғаныс» кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға соғыс ардагері Қалам Сүйіншәлиев, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай, ақын Айтқали Нәріков, БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, журналистің қызы Баян Жұмағалиева, т.б. қатысты.

Бисен Жұмағалиев бұл кітаптың баспадан шыққанын көрмей өмірден өтсе де, бір жыл бұрын мақалаларын жинақтап, орналасу ретін де өзі белгілеп берген. Кітапқа автордың республиканы, БҚО-ны басқарған тұлғалар, Ақ Жайық өңірінен шыққан белгілі азаматтар жайлы мақалалары жинақталған. Автор өз кейіпкерлерін суреттегенде олардың өмірбаяны мен еңбек жолын айтып қана қоймай, өзі куә болған оқиғалар арқылы олардың ел үшін, ұлт үшін атқарған игі істерін баяндайды. Кейіпкерлердің адамгершілік қасиеттеріне, іскерлік қырларына кеңірек тоқталады. Кейіпкерлердің қатарында Жұбан Молдағалиев, генерал Шəкір Жексенбаев, Хамид Чурин, қазақтың көрнекті қайраткері Жұмабай Шаяхметов, т.б. бар. Автор өмірден өткеннен кейін аяқталмай қалған кітапқа ол кісі жөніндегі замандастарының естеліктері енген.

-Бисен аға соғыс тұсында әскери журналист болды ғой, сол өзі қызмет еткен газеттің тігінділерін елге алып келген. Арxивінде сақталған болу керек,-дейді кітапты құрастырушылардың бірі, өлкетанушы Жайсаң Ақбай.

-Сол әскери газетте ел басшыларының бірінің есімінен бір әріптен қате кетіп, газет редакторына "ұлтшыл" деген айып тағылып, 10 жылға сотталған. Кейін ол адам жайлы Бисен аға батыл пікір жазып, қоғамдағы орнын сақтауға әрекет етті. Ол адам танымал ғалым болды. Бисен аға адамдарға көмектесуге әзір тұрды. Қазақтың ұлы жазушыларымен байланыста болды. Бұл кітабында өзінің алдыңғы буын ағалары жайлы жазғандарын жинады. Жинақ кітапxаналарда болады, - дейді өлкетанушы.

«Мен шығармаларымның ішкі мазмұны барынша көркем болуына мән бердім, сендер кітаптың сыртқы мұқабасын әдемілеп жасарсыңдар дегені есімізде. Бұл оқырман алдындағы жауапкершілік болса керек, - деп еске алады «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Жантас Сафуллин.

- Бисен ағаға айтар әңгімелеріңіздің барлығын таспаға түсіріп, фильм дайындасақ деген ниетімді білдірдім. Ол кісі «мен өзімнен гөрі алдымдағы мықтылар туралы естеліктерімді жинақтап, кітап етіп шығарсам деймін» деп ұсыныс айтқан болатын. Ол кісі 15 тұлғаны белгілеп, қолжазбаларын, газетте шыққан материалдарын жинады. Әр естеліктің орналасу ретін белгілеп, дайындап берді. Тіпті кейіпкерлердің фотосуреттерін өзі ұсынды. Бірақ Бисен ағаның көзі тірісінде кітабын шығаруға үлгермедік. Ағамыз Жайсаң Ақбай, БҚО Қонаев қорының төрағасы Нұрлан Ізтілеуов, ел азаматы Лавр Хайретдинов осы істі қолға алып, қаржысын тауып шығарды. Бисен аға өзінен бұрынғыларды құрмет тұтса, сіздер де Бисен ағаның мұрасын насихаттауға ат салысып жүрсіздер. Бұл бізді қуантады, - деді Ж.Набиоллаұлы.

Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан Бисен Жұмағалиевтің қызы Баян Жұмағалиева зерттеушілерге қажетті ақпараттарды беруге дайын екенін айтты.

- Әкем ауруханада жатқанында да сауығып кететініне сенді. «Бұл жерден шығып, жазып жатқан мақаламды аяқтауым керек» дегені есімде. Қандай материал екенін сұрамадым. Алайда аяқталмаған мақаласы бар. Әкем жазуға құштар болып өткен адам. Әсіресе, жазуға лайық, үлгі боларлық азаматтарды арқау етті. Құлшына жазды. Бірақ өзі туралы жазбапты. Көкейімде жүрген армандарым бар. Мәселен, Оралдағы мәдени орындардың бірінен қазақтың Бисеніне арнап тұрақты бұрыш ашу керек деп ойлаймын. Оған қажетті заттарды беруге дайынмын. Өзі туған Ақжайықта да әкемнің тұлғасы насихатталса деймін. Түптің түбінде бұл ұрпаққа керек нәрсе, - дейді ол.

Айта кетейік, ұйымдастырушылар кітаптың таныстырылымын кең көлемде атап өткісі келеді. Сонымен қатар қолдау болса, кітапты толықтырып шығару жоспарда бар.

zhaikpress.kz

bisen 4 bisen 10 bisen 11 bisen 12 bisen 14

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале