14.06.2017, 16:31
Оқылды: 51

Оралда жаңа спорт интернат салынады

 

Облыс әкімі Алтай Көлгінов спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатқа барды. Мектеп-интернат ғимаратының жай-күйімен танысып, оқытушы-бапкерлермен, ондағы тәрбиеленушілермен әңгімелесті.

 2004 жылы ашылған спорттық бағыттағы аталмыш білім ұясының қазіргі ғимараты Орал қаласының жөндеу зауыты ауданында орналасқан. Оған қоныстанғанына да он жылдан астам уақыт өткен. 1964 жылы балабақша ретінде салынған ғимараттың тозығы жеткен. Ғимарттың тарлығы оқу-жаттығу процестеріне де кері әсерін тигізуде.

-Мұнда 236 бала оқып-тәрбиеленуде. Оның жартысынан астамы аудан-ауылдардан келгендер. Оқушылардың бәрі бірдей сыймауына байланысты инернатта 100 бала жатады, оның 30-ы қыз, қалғаны ер бала. Интернаттың өзі негізінен 80 орындық. Бірақ тәрбиеленушілердің әлеуметтік-отбасылық жағдайларын, шалғай елді мекендерден келгендерін ескеріп, интернаттан орын береміз. Сол себепті 4 балаға арналған бөлмелерде одан үш-төрт есе көп өрен жатады. Кейбіреулері тарлыққа бейнімделе алмай шығып кетеді. Жауын-шашын кезінде кей бөлмелер сыз тартады. Балалар сабақ оқитын сынып бөлмелері де санитарлық нормаларға сай емес. Кітапхана, асхана да өте тар,-деді облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Айта кетейік, бұл жерде оқушылар спорттың 13 түрінен тәлім алады. Оқытушы-бапкерлер негізінен жоғары санатты. Сол себепті бұл жерден тәрбие алғандардың осалы жоқ. Олардың қатарында олимпиада жүлдегері, балуан қызымыз Екатерина Ларионова, қысқы универсиада жүлдегерлері, шорттрекшілер Айдар Бекжанов, Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Анита Нагай, грек-рим күресінен Азия чемпионатының жүлдегері Дәулет Ларионов, «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындар чемпионы Нұрсұлтан Нұритдинов бар.

Өңір басшысымен кездесу кезінде оқытушы-бапкерлер мектеп-интернаттағы басты мәселе ғимараттың тарлығы екенін айтты. Мәселен, еркін күрес бойынша бапкер Мусабек Нарегеевтің сөзіне қарағанда, мұнда келіп, интернатты жатып оқығысы келетіндер көп. Бірақ интернаттың тарлығы қолбайлау. Ернар Нұритдинов жетекшілік ететін боксқа 30-дан астам бала қатысады. Оның жартысы интернатта тұрады. Аудандардан қабілетті, икемді балалар көп келеді. Бірақ кейбір ата-аналар оқу орнының тарлығын, ғимараттың ескілігін көріп балаларын бермей қалады. «Грек-рим күресіне негізінен ауыл балаларын тартамыз,-дейді аталмыш спорт түрі бойынша бапкер Мақсот Төлегенов.-Себебі, олар физикалық тұрғыдан мықты болып келеді. Ал ауылдан келген балаларды көптеп алуға бізде мүмкіндік жоқ». Байдарка және каноэдан есу бойынша бапкер Елена Бравкова бұл мектеп-интернатты болашақта колледжге айналдыру жөнінде ұсыныс айтты. Өйткені, байдарка және каноэдан есу спортының өзіндік ерекшелігі бар. Бұл негізінен ересектерге арналған спорт. Сол себепті мектеп қабырғасында спортшының негізі қаланады, ал 18-20 жастан соң өрістеп, спорттық бабына келеді. Жақын маңда осы бағытта тиісті оқу орнының болмауынан көпшілігі мектептен соң басқа салаға кетіп қалады. Сөйтіп болашағынан үміт күттіретін жастар жоғалады...

-Олимпиадалық ойындарға резервтер дайындайтын осындай оқу орнының облысымызда болғандығы қуантады. Бұл жерден түлеп ұшқандар қазіргі таңда облыс, ел намысын қорғап жүр. Ертең олардың орнын қазіргі шәкірттер басады. Егер біз облысымыздан чемпиондардың көптеп шыққанын қаласақ, спортшыларға қажет жағдай туғызуымыз керек. Жақында мен облысымызда бар олимпиадалық спорт түрлерінің қыр-сырын үйретіп жүрген бапкерлермен кездесіп, жағдайларын білдім. Керек құрал-жабдықтарды алуға біздің мүмкіндігіміз бар, барынша қолдаймыз. Спорт мектептерінің басшылары да балалар мен жасөспірімдерді оқу-жаттығу шараларына, түрлі жарыстарға жіберуге, майталман спортшыларды шақырып, шеберлік сыныптарын өткізуге мүдделік танытуы керек. Данияр Елеусінов, Екатерина Ларионова сынды еліміздің мақтаныштары біздің өңірдің перзенттері, жергілікті бапкерлерден тәлім алған спортшылар емес пе?! Яғни қажет жағдай жасалса, жаттықтырушылар жақсылап жұмыс істесе, чемпиондар саны артады. Осы мәселені біз депутаттармен, қоғамдық келісім мүшелерімен талқылап, жаңа спорт интернат саламыз деген шешімге келдік. Енді Мәдениет және спорт министрлігімен бұл мәселе бойынша сөйлесеміз. Жаңа нысанның орнын белгіледік. Бұйыртса, Деркөл кентіндегі «Орал» спорт кешені жанынан бой көтермек. Болашақта оны колледжге айналдыруды да жоспарлап отырмыз. Онда 300 орындық интернат, типтік үлгідегі спорт кешен, бәрі болады. Міне, он жылдан аса уақыттан бері қазіргі ғимаратты және өзге спорт залдарды жалдау үшін жыл сайын бюджеттен 60 млн. теңге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржыны осындай жаңа спорт нысанына неге салмасқа?! Ертең ол өзін-өзі толығымен ақтайтыны сөзсіз,-деді Алтай Сейдірұлы.

Содан соң әкім интернаттағы балалармен де жүздесті. Өрендер де жаңа интернат керектігін, спорт зал алыста емес, ауланың ішінде болса екен деп армандарын айтты. Облыс басшысы көп кешікпей олардың бұл армандары орындалатынын жеткізіп, ең бірінші кезекте сабақты жақсы оқуға, бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындап, ерінбей еңбектенуге тілектестігін білдірді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале