20.09.2017, 17:26
Оқылды: 39

Оралда жол жөндеу жұмыстарының 70 пайызы орындалды

Орал қаласында 608 шақырымға жуық ішкі жол болса, соның жартысынан астамының сапасы сын көтермейді. Биыл түрлі қаражат көздерінен 8,1 млрд теңге бөлініп, Орал қаласында 67 көшедегі көлік және жүргінші жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс орталығындағы 43 көшеде жөндеу жұмыстары толық ақталып, қолдануға берілген. Бес көше таяу күндері жөндеуден соң қайта ашылады. Тағы он үш көшенің жөндеу жұмыстарын қазан айында аяқтау көзделсе, алты көше келер жылы тапсырылады деп күтілуде.


Бүгін Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев жөндеу-құрылыс жұмыстары жүріп жатқан көшелерді аралап, мердігер компаниялардың жетекшілерімен, жұмысшылармен кездесті. Шаһар жолдарын қалпына келтіру жұмыстары бірнеше бағытта жүзеге асуда. Атап айтқанда, көлік кептелісі туындайтын учаскелердегі жүктемені азайту, шағын айналма жолдар салу, жаңа жолдар салу және ескі жолдарды күрделі жөндеу, жаяу жүргінші жолдарын қалпына келтіру. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту, яғни көлік жолдарын жөндеу барысында бордюрларды салу, тозығы жеткен су құбырларын жаңалау бағытындағы жұмыстар да қоса атқарылуда.

М.Мәметова көшесінен Пугачев көшесіне дейінгі Достық даңғылын күрделі жөндеу жұмыстарына 325 млн теңге бөлінген болатын. Аталмыш учаскенің ұзындығы 3,5 шақырым, ал жапсарлас жатқан көшелердің ұзындығы 5,2 шақырым. Т.Масин, Н.Савичев, Дәулеткерей және Чапаев көшелеріне асфальтбетонды жабын толығымен төселіп, жөндеуден соң қайта ашылды. Фрунзе көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары он бес күннің ішінде аяқталуы тиіс. Мердігер «Приоритет» ЖҚК директоры Жанна Кенжинаның айтуынша, жөндеу жұмыстары кезінде ескі көшелердің тарлығы техниканың қозғалысына кедергі тудырса, астыңғы қабатының тегіс болмауы, ой-шұңқыры көп болуы қосымша қаражатты талап етуде. Су құбырын жаңарту жұмыстары қатар жүріп жатқандықтан, қиылыстағы көшелерді жөндеу жұмыстары да екі-үш күн кешеуілдеп тұр. Соған қарамастан барлық жұмысты жоспар бойынша аяқтап тапсырамыз, - дейді Ж. Кенжина.

- Бүгінде Савичев және Т.Масин, Дәулеткерей және Чапаев көшелеріндегі жолдарға асфальтбетонды жабынды төселді. Қазір Алмазов, Савичев, Ғ.Қараш, Досмұхамедов көшелеріндегі су құбыры желілері жаңасына ауыстырылып, жүргінші жолдары мен бордюрлар жөнделуде, - дейді «АсарСтройСервис» бас директорының орынбасары Аян Борабаев. «Бұл халық көп жүретін жер, қоғамдық көліктің жұмысына де кедергі жасамауымыз керек. Қолайлы ауа-райын ұтымды пайдаланып, жұмысты қазан айында бітіруіміз керек» - деген қала әкімі М. Мұқаев құрылыс компанияларының басшыларына қалаішілік жолдардың сапасы мен жұмыстың кестеге сай жүргізілуін мұқият қадағалауды тапсырды.

Облыс орталығындағы қозғалысы көп жолдың бірі -  Ч.Набережная көшесінен Зашаған кентіндегі Әзірбайжан көшесіне дейінгі 2,8 шақырымды алып жатқан Жәңгір хан көшесі. Мердігер «АқсайБизнесСтрой» ЖШС бас директоры Анвар Агаевтың мәлімдеуінше, он шақты күнде Жәңгір хан көшесіндегі орташа жөндеу толық аяқталып, қозғалыс қалпына келеді. Жоба аясында Жәңгір хан көшесінің Чагано-Набережная және Свободная көшелерімен қиылыстарында бағдаршамдар орнатылмақ.

-Биыл Деркөл кентінде ПДП-1 аумағында және Жұлдыз шағынауданында жаңа жолдар салынды. Тұңғыш рет біздің қалада қиыршықтасты мастикалық асфальтбетон деп аталатын жаңа құрылыс материалы қолданылуда. Бағасы қарапайым асфальттан бір жарым есе қымбат. Сапасы өте жоғары. Бұл материал Еуропа елдерінде транзиттік жолдарды, ұшақ жолдарын салуда кеңінен қолданылады. Бізде бес көшенің құрылысында пайдаланылды. Жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Мердігерлер күн-түн демей, екі-үш маусымда жұмыс істеуде.

Магистральды жолдар, қоғамдық көлік көп қатынайтын жолдар және әлеуметтік нысандар орналасқан жолдар басты назарда. Оған қоса 40 шақырым тротуар салынуда. Бұл баршамызға ортақ жауапты әрі маңызды іс. Сондықтан қала тұрғындарын түсіністік танытуға шақырам. Қазір жұмыстың 70 пайызы орындалды. Қалған көшелерді қазан айында толық аяқтаймыз,- деген Мұрат Рахметұлы қоғамдық көліктерге қатысты түйткілдердің де жақын арада шешілетінін айтты. «Бір жылдың ішінде 121 Газель көлігін үлкен автобустарға ауыстырамыз. Тасымалдаушы компанияларға «Қазақстанның даму банкі» арқылы жеңілдетілген несие алуға жәрдем көрсетеміз», - деді қала әкімі.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале