9.12.2017, 0:37
Оқылды: 100

Оралда «Жомарт жүрек – 2017» меценаттар форумы өтті

received_10210594881880666-1Орал қаласындағы салтанат сарайында «Жомарт жүрек – 2017» меценаттар форумы өтті. Оның алдында «Туған жер» бағдарламасы ауқымында келесі жылы облыста жүзеге асатын жобалар көрмесі өтті.

Облыстағы қала және аудан әкімдері форумға қатысушыларды жобалар барысымен таныстырды. Біздің аймақта 1230-ға жуық демеуші бар. Олар жыл ішінде 851 қайырымдылық шарасына қолдау көрсеткен. Соның нәтижесінде 12 200-ден астам адамға 136 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмегі жасалған.

received_10210594885000744-1– «Туған жер» бағдарламасы ауқымында 600-ден астам жоба ұсынылды. Көрмеге соның 260-тан астамын іріктедік. Жыл соңына дейін ұсынылатын жобалар саны көбейеді деп күтілуде. Рухани жаңғыру бойынша еліміз бойынша «Жомарт жүрек - 2017» меценттар форумы Орал қаласында алғаш ұйымдастырылуда. Туған жерін абаттандыруға кез келген азамат үлес қоса алады. Олардың қаражаты «Ақжайық» қорына жиналады, – деді көрме кезінде облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаева.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов форумға қатысушылармен бірге көрмеде ұсынылған жобалармен танысты. received_10210594880440630Мысалы, 2018 жылы Зеленов ауданының Январцев ауылында жеке кәсіпкер В. Середаның демеушілігімен 7 млн теңгеге спорт алаңы салынбақ. Бөкей ордасы ауданында өлкетану бағытында энциклопедия жарық көрмек. Тасқаланың Ақтау ауылындағы мектеп түлектері 1,5 млн теңгеге күрес залын ашуға бекінген. Жаңақала ауданындағы Мәстексай ауылы жанынан ағатын Қараөзен бойындағы түбекке салынатын саябақты «Нұртем» ЖШС қаржыландырмақ. «Караванный путь» ЖШС директоры Замир Ықсанов Орал қаласында 565 млн теңгеге жүзу бассейнінің құрылысын қолға алуды жоспарлаған.
Көрмеден кейін «Жомарт жүрек – 2017» меценаттар форумы басталды. Форумға арнайы келген меймандар арасында ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, Сенат депутаты Нариман Төреғалиев, әлемге танымал скрипкашы Марат Бисенғалиев, «100 жаңа тұлға» жобасына есімдері енген пианист Саида Калыкова, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімов, Зеленов аудандық ауруханысының медбикесі Елена Шушлебина болды.
– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» деп айшықтап берді. Әрбір Қазақстан азаматы үшін туған жерінің көсегесін көгертуге атсалысу – парыз. Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Осы игі істі асыруда бүгінде батысқазақстандықтар да шет қалмады. Рухани жаңғыру аясында биыл облыста 2,5 млрд. теңгеге 62 жоба жүзеге асты. Оның ішінде, жетеуі – білім, біреуі – денсаулық сақтау, 10-ы – инрфақұрылым нысандарын, тоғыз жоба спорт саласын дамытуға бағытталды. Яғни, екі мәдениет үйі жөнделсе, 16 шағын сәулеттік нысан мен ескерткіш орнатылды. 13 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды, – деді форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов. Облыс әкімі қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезіне түскен бизнес-қауымдастық өкілдері мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуда екенін айтты. Мысалы, облыс орталығында жеке кәсіпкер Александр Аитов 178 млн теңгеге спорт кешенін тұрғызды. Қазталовта «Дархан» ШҚ-ның жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев фельдшерлік амбулаторияның жаңаруына көмектесіп, қажетті құрылғылармен жабдықтады. Тәуелсіздік күні қарсаңында кәсіпкер Мұратбек Мүхамбедиевтің демеушілігімен «Рухани жаңғыру» музейі ашылады деп жоспарлануда. Облыс әкімі Алтай Көлгінов «Samruk-Kazyna Trust» қоры да әлеуметтік жобаларды жүзеге мұрындық болуда екенін хабарлады.
Рухани жаңғыру аясында туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты істермен дәлелдеуге құштар азаматтар көбеюде. Жомарт жерлестеріміз 1,6 млрд. теңгені «Ақжайық» қорына аударуды жоспарлап отыр. Келесі жылы осы қаражатқа біраз жоба жүзеге аспақ. Форумда ҚР Паламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова өңірдің дамуына үлес қосуды мақсат еткен меценаттар көбейе түсетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, «Туған жер» бағдарламасы бойынша облыста үш ірі нысан бой көтереді. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев осы жобалар барысымен таныстырды. Келесі жылы Орал қаласының маңындағы «Жайық қалашығын» ашық аспан музейіне айналдыру жоспарлануда. Оның кіреберісінде салтанатты ғимарат салынады. Қаланың мәдениет және демалыс саябағында «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы» кешені ашылмақ. Яғни, Шаған өзені бойында Астана қаласындағы «Атамекен» Қазақстанның картасы» этно-мемориалдық кешені үлгісінде ауқымды жұмыс жүргізіледі. Онда еліміздегі киелі нысандардың үлгілері орналастырылады. Сонымен қатар, шаһарда заманауи үлгіде мүгедек балаларды оңлатуға арналған облыстық орталық салынбақ.
Форумда «Жомарт жүрек - 2017» аталымымен және облыс әкімінің алғысхатымен бір топ меценат марапатталды. Олардың арасында ірі кәсіпорындар мен құрылыс комбинаттарының басшылары, жеке кәсіпкерлер мен жергілікті мәслихат депутаттары бар. ҚР альпинистер құрамасының капитаны, әлем бойынша биіктігі 8 мың метрден асатын 14 таудың шыңын бағындырған жерлесіміз Мақсұт Жұмаев «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын иеленді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,
oraloniri.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале