30.10.2018, 18:00
Оқылды: 127

Оралда «Жомарт жүрек» иелері марапатталды

Дәл қазір Орал қаласындағы Салтанат сарайында Елбасының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек-2018» меценаттарды марапаттау форумы өтуде.

jomart jurek (1)

         Шара барысында биылғы жылы меценаттардың көмегімен «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын Орал қаласы және 12 аудан әкімдіктерінің әлеуметтік жобаларының көрмесі ұсынылды.

Форумға облыс әкімдігі, қала және аудан әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысуда.

- Ақжайық өңірі – ата дәстүрінен айнымаған, салтына берік, ұлттық құндылықтарды қадір тұтатын қасиетті өлке. Осынау өлкеде ел мүддесін өзінен биік қоятын, атамекеннің абыройын асырып жүрген азаматтар аз емес.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп нақты міндеттер жүктеді.

Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты принципке негізделіп, 6 арнайы жоба, 6 кіші бағдарлама арқылы жүзеге асырылуда. Аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбеюде. Облыс бойынша 60 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Әсіресе өңір меценаттары спорт, денсаулық, білім салаларына көбірек көңіл аударып келеді. Қазіргі таңда облыстағы әрбір елді мекенде спорт кешені, балалардың ойын алаңдары, мектептерде арнайы кабинеттер мен материалдық-техникалық базаны жаңарту, аудандық музейлерді толықтыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштер салу секілді шаралар атқарылуда.

Биылғы жылы да «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 134 меценаттың қатысуымен 166 жоба мен түрлі деңгейде шара өткізілді. Оның 138-і ауылдық округте, 20 жоба аудандық деңгейде, 8-і қалада жүзеге асты,- деді жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бұдан соң облыс басшысы өңірдің, ауыл аймақтың дамуына зор үлес қосып жүрген меценанттарға «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғыс хаттарын табыс етті.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале