19.08.2019, 21:34
Оқылды: 95

Оралда «Жылдамдықты азайт! Өмірді сақта!» атты акция өтті

Облыс көлемінде басталған «БҚО-дағы қауіпсіз жолдар» жобасы аясында Орал қаласындағы №19 «Золотой петушок» балабақшасында «Жылдамдықты азайт! Өмірді сақта!» атты акция өтті.

IMG-20190819-WA0066-800x593

Акция барысында балабақша тәрбиеленушілері мен белсенді жастардан құралған еріктілер тобы мектепке дейінгі білім беру мекемесі алдындағы жол арқылы өткен көліктерге жылдамдықты 30 км/сағ. көрсеткішінен асыруға болмайтындығы туралы жол белгілерін көрсетті. Сонымен қатар шараға арнайы шақырылған жол-патрульдік полициясы қызметкерлері белгіні көре тұра, көлік жылдамдығын бәсеңдетпеген жүргізушілерді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасады.

Ағылшындық EASST қайырымдылық қорының өкілі, көлік қауіпсіздігі мен қарқынды дамуына жауапты Шығыс Альянсының сарапшысы Татьяна Михайлованың айтуынша, тамыз айының соңына дейін ұласатын акцияға «Шелл» және «Эни» компаниялары қаржылай қолдау көрсетуде екен. «2019 жылдың Жол қауіпсіздігін сақтау жылы ретінде белгіленуіне орай жергілікті биліктің қолдауымен балалар жүретін жолдарға жаяу жүргіншілер жолағын салып, арнайы белгі қойса, жақсы болар еді», - дейді ол.

Шараның өтуіне атсалысқан жергілікті серіктес – «Гаухар жолы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнара Бисенова соңғы кезде саны артқан жол-көлік оқиғалары салдарынан балалар зардап шекпеуі үшін осы бағыттағы шаралар жиі ұйымдастырылуы тиіс екендігін атап өтті.

IMG-20190819-WA0062-800x593

«Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 2018 жылы балалардың қатысуымен 111 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 27 бала зардап шегіп, үшеуі қаза тапқан. Бұл – тек ата-аналар мен көлік жүргізушілерін ғана емес, баршамызды ойландыруы тиіс көрсеткіш. «Сақтансаң, сақтармын» деген нақыл сөзге сүйеніп, қауіптен қорғанудың сан түрлі тәсілін қолданғанымыз дұрыс. Осы мақсатта, яғни балалар жол қауіпсіздігінің ережелерін білуі үшін жуырда облыс орталығындағы Оқушылар сарайында арнайы жасақталған мобильді алаңқай жұмысын бастайды. Шынайы кейіптегі жол, жаяу жүргіншілер жолағы және бағдаршамдармен т.б. қамтылған арнайы алаңқайда жаттықтырушы сабақ өткізіп, жол жүру ережелерін жан-жақты үйрететін болады», - дейді Гүлнара Құсайынқызы.

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале