21.07.2017, 12:05
Оқылды: 35

Оралдағы №7 емханаға тиесілі ғимарат жеке меншікке берілмек

palata    «Батыс Қазақстан облысында  әлеуметтік маңызы бар сегіз бірдей жоба мемлекеттік-жеке-меншік әріптестік тетігі бойынша жүзеге асырылады» деді облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ-ның вице-директоры Айбек Көбетов. Оның сөзінше, таяу уақытта бұл жобалардың алғашқы төртеуі қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырылмақ.


Жоба бойынша Орал қаласындағы №7 емхана мен облыстық маңыздағы «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» автомобиль жолына сервистік қызмет көрсету ісі жекенің қолына берілмек. Сондай-ақ, №8 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп асханасы ұзақ мерзімге жеке кәсіпкерге жалға берілмек және облыстық клиникалық ауруханаға магниттік-резонанстық томография құрылғысы лизингке сатып алынбақ.

   -Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дегеніміз, бұл – мемлекет пен жеке адамның бірігіп жұмыстануы. Яғни, ол екеуі бірігіп, белгілі бір жобаларды жүзеге асырады. Бұл ретте тәуекелді мемлекет пен жеке кәсіпкерлер бөліседі. Бүгінгі таңда шетелдіктер Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеуге аса ынталы, өйткені, мұның өздеріне өте тиімді екенін олар жақсы түсінеді. Негізі, бұл әдіспен жұмыс істеуді біз шетелдіктерден үйрендік. Олар осы тәсілмен көптен бері жұмыс жасауда,-деген Айбек Көбетов бұдан әрі семинарға қатысушыларды өңірімізде жаңа тетікпен жүзеге асырылатын  жобалармен таныстырды.

   Оның сөзінше, мемлекеттік-жеке-меншік әріптестік бюджет үшін өте тиімді. Яғни, осы әдіс бойынша жұмыстанғанда, мемлекет жобалық құжаттарды жасақтағанда жұмсалатын шығыннан құтылады. Және инвесторлар өзінің жеке жобасын тезірек жүзеге асыру үшін барын салады, бұл жаңа жобалардың жылдап жатып алмай, тезірек жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.

  Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мемлекеттің дәстүрлі жауапкершілігі саласына кіреді. Басқаша айтқанда, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жұмыс жасау инвесторларға әлеуметтік жауапкершілік жүктейді. Ал мемлекет бұл ретте инвесторлардың жұмысы жүруі үшін оларға барлық жағдайды жасайды. Яғни, мемлекет оларды ұзақ мерзімді тапсырыспен қамтамасыз етіп, инвесторларға жобаны жүзеге асыру кезінде жұмсаған шығынын жабуға кепілдік береді.  Мемлекет өз кезегінде ел игілігіне қызмет ететін жобаларды жүзеге асыру үшін қаражатты кезең-кезеңмен төлеуге мүмкіндік алады.

     -Мысалы, Орал қаласындағы №7 емханаға тиесілі ғимараттың көптен бері бос тұрғаны баршаға мәлім. Егер ғимаратты жеке адамдар жауапкершілігіне алып, жұмысын жүргізетін болса, оған мемлекет 1,6 млрд. теңге төлейді. Және 10 жыл бойы жеке тарапты медициналық кепілді қызметпен қамтамасыз етпек. Басқаша айтқанда, жеке тарап осы ғимаратқа жөндеу жұмысын жүргізіп, жаңғыртқан жағдайда, оған ұзақ уақыт бойы медициналық қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік беріледі. Немесе жеке тарап облыстық клиникалық ауруханаға магниттік-резонанстық томография құрылғысын лизингке сатып алып, оны халықтың игілігіне пайдалануға мүмкіндік берген жағдайда, мемлекет оған ұзақ мерзімді бизнеске кепілдік береді, -деген Айбек Көбетов жоғарыда аталған жобаларға біліктілігі сәйкес келетін кез-келген азаматтың қатысуға құқы бар екенін айтты.

   Оның сөзінше, осы жобаларды жүзеге асырушы инвесторларды  анықтау үшін  күз айында конкурс ашық түрде өткізілмек.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале