12.03.2018, 20:07
Оқылды: 143

Оралдағы мектепте қоңырау орнына күй күмбірлейді

IMG_20180312_200545Қаладағы №47 жалпы орта білім беретін мектепте әр үзіліс сайын қоңырау сыңғырының орнына күй күмбірлейді.

- Біздің мектеп 2015 жылдың қыркүйек айында бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан болатын. Сол алғашқы күндерден бастап «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру мақсатында мектепте қоңыраудың үнін күйге ауыстыру мақсатында жұмыстар жүргізіле бастады. Бүгінгі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында оқушыларға күйді насихаттау, ұлттық мәдениетімізді дәріптеу мақсатында «100 күйдің тарихы» жобасын енгізу бағытында жұмыстанудамыз. Мәселен, бүгін Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі қоңыраудың орнына орындалды. Үлкен үзіліс кезінде біз сол күйдің шығу тарихы, күй авторының өмірбаяны жөнінде мектептің радиоторабы арқылы баяндап отырамыз. Сонымен қатар балаларға ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында үлкен үзіліс кезінде асық ату, тоғызқұмалақ, сондай-ақ интелектуалдық бағыттағы дойбы мен шахмат ойындары да ұйымдастырылады. Оқушылар күйді тыңдай жүріп, оның тарихымен танысады әрі ойын да ойнайды. Уақыттарын тиімді пайдаланалды. Адам өз елінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуі, оған құрметпен қарауы керек. Әр бала мемлекеттің халыққа қандай қамқорлық жасап жатқанын кішкене кезінен біліп өсуі керек. Сонда ғана ол бала есейгенде мемлекеттің дамуы үшін еңбек етіп, жұмыстанатын болады. Осы бағытта мектепте көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Іс-шараларға ата-аналардың да қатысуын қамтамасыз етіп отырамыз, - дейді мектеп директоры Наталья Ергужиева.

Облыстық оқу-әдістемелік кабинеттің «100 күйдің тарихы» жобасы бойынша дайындалған жоспарға сәйкес, мектеп қоңырауында орындалатын күй күн сайын ауысып отырады. Бүгінде 24 мамырға дейін орындалатын күйлер белгіленіп қойылған. Мектепте 5,6,8 сынып оқушылары үшін тоғызқұмалақ, ал 2,3 сынып шәкірттеріне асық ату үйірмесі жұмыс жасайды.   

Айта кету керек, 1200  балаға арналған мектепте қазір 2276 оқушы білім алуда. Оның ішінде шағын орталықта екі топ және 11 мектеп алды даярлық тобы бар. 1-11 сынып саны - 79.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале