30.05.2018, 14:27
Оқылды: 67

Оралдағы Михаил Абдолов көшесінде батырды еске алу шарасы өтті

Орал қаласындағы Михаил Абдолов көшесінде Кеңес Одағының Батыры Михаил (Бимағамбет) Абдоловты еске алуға арналған шара өтті. Батырдың 100 жылдығына арналған бұл басқосу  Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов батырдың есімін ұлықтауға арналған аталмыш шараның тәрбиелік мәніне тоқталды.

- Қалада түрлі мәдениет орындары мен үлкен алаңқайлар  жеткілікті болса да, біз бұл кешті Кеңес Одағы Батырының есімімен аталған көшеде өткізуді жөн көрдік. Өскелең ұрпақ оның ерлігін, Отанды қорғаудағы қайтпас қайсарлығын бойларына сіңірсе дейміз. Бұл бағыттағы патриоттық  шаралар легі батыр атамыздың туған жері Ақжайық ауданында бастау алды.  Жуырда осы көшеге  Михаил Абдоловтың есімін, ерлігін насихаттау мақсатында үлкен   бильборд орналастырылатын болады. Сонда жас ұрпақ туған елінің тарихын жете біліп, Отан үшін от кешкен батырлардың есімін ұмытпайтын болады,- деді Мирболат Сағынғалиұлы.

akjaik abdolov 3Осы орайда айта кетсек, Михаил Абдолов 1918 жылы Ақжайық ауданының Бітік ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың маусым айында соғысқа аттанып, 3-Украин майданының 74-атқыштар дивизиясының құрамында болған. Ол 1938 жылы Қызыл армия қатарында әскери борышын өтеп, жауынгерлік дайындықтан өткен соң, қанды шайқастың алғашқы күнінен-ақ өжеттіліктің үлгісін көрсеткен. Майдан даласында жеті рет жараланса да, жауға деген өшпенділігі мұқалмаған. Әсіресе, 74-атқыштар дивизиясының құрамында Дунай өзенінен өтерде көрсеткен ерлігі оның есімін тарихта мәңгі қалдырған еді.

1944 жылдың 7 қарашасына қараған түнде Михаил Абдолов бастаған барлаушылар тобы екі балықшы қайығымен Дунайды кесіп өтіп, жау тылына тұтқиылдан соққы берген. Сол түнде барлаушылар немістердің қару-жарақ қоймасын жарып, жау офицерін тұтқындайды. Қайтар жолда қарсыластарының төрт самолетін жойып жіберді. Осы ерлігі үшін аға сержант Михаил Абдоловқа 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді. Сондай-ақ оның бұрынғы жауынгерлік наградалары Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерінің қатарына Ленин ордені мен Алтын  Жұлдыз тағылды. 1946 жылы елге оралып, еңбекке араласты. Ақжайық ауданының Жамбыл ауылдық округіне қарасты Бұлан ауылында тұрды. Содан  ол 2006 жылдың 11 мамыры күні дүниеден өткен болатын.  Кеңес Одағы кезінде Венгрия елінің Секешфехервар қаласында батырдың мүсіні орнатылып, Мәдениет үйі мен мектепке оның аты берілген.

Жиында Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілекқабыл Габдушев  аудан көлемінде  ұйымдастырылатын шаралар  туралы айтты.

akjaik abdolov 2-Облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен батыр бабамыздың 100 жылдығы  республика көлемінде тойлануда. Осыған орай биыл ауданымызда «Абдолов жылы»  жарияланып, көптеген іс-шаралар қолға алынды. Сәуір айында облыстық конференция ұйымдастырылып,  республикалық турнирлер өтті.  Кеңес Одағының Батырын еске алуға арналған бұл бағыттағы шаралар жыл бойына жалғасатын болады.  Қыркүйекте Ақжайық ауданының Жамбыл ауылында күйіз үйлер тігіліп, ат жарыс ұйымдастырылып, дүбірлі той өтеді.  Бұл шаралардың басты мақсаты – отты жылдарда ерліктің үлгісін көрсеткен жерлесіміз Михаил Абдоловтың есімін ұлықтап, ерлігін насихаттау. Бүгінгі кешке жиналған көше тұрғындарына айтарым, көшелеріңізде тек қана той өтіп, ауызбіршілік пен татулықта болыңыздар,- деді аудан әкімінің орынбасары.

Жиында Ақжайық ауданының бірқатар азаматтары  Михаил Абдолов туралы естеліктерімен бөлісті.  Содан соң  Ақжайық ауданынан келген өнерпаздар көше тұрғындарына арнаған концерттік бағдарламасын ұсынды.

                                                                                     Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале