27.03.2018, 16:44
Оқылды: 63

Оралдағы сауда орталықтарының қауіпсіздігі тексеріледі

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев күн тәртібіндегі мәселелерден тысқары, 26 наурыз күні Ресей Федерациясының Кемерово қаласында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп жазады primeminister.kz сайты.

«Ресейдің Кемерово қаласында болған қайғылы жағдай барлықтарыңызға мәлім. Сауда орталығында өрт болып, 60-тан астам адам қаза тапты. Оның 35-і - бала. Елбасы Ресей президентіне көңіл айтты. Бізде бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз керек», - деді ол. Үкімет басшысының айтуынша, аталған мәселе қазіргі таңда әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.

«Блогерлер өздерінің инициативалары бойынша сауда орталықтарына барып, апаттық есіктерді тексеруде. Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп, осы сауда орталықтарында тексеріс өткізіп, тиісті шараларды қолдану қажет», - деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев. Бұл мәселені қадағалауды ҚР Үкімет басшысының орынбасары Асқар Маминнің бақылауына тапсырды.

Үкімет отырысынан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Төтенше жағдайлар департаменті басшысына сауда және ойын-сауық орталықтарының қауіпсіздігін тексеру туралы тапсырма берді.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале