20.01.2020, 15:14
Оқылды: 808

Оралдағы Зияткерлік мектепте «Алтын ұрпақ» жобасы басталды

Оралдағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңа жылдан бастап «Алтын ұрпақ» жобасы қолға алынды. Жаңа жобада 7-сыныптың барлық ер балалары қазақ күресінің тарихын зерделеп, аптасына екі рет төл спортымыздың негізгі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сенбі күні қазақ күресі секциясының тұсаукесері мен жаттығу залының ашылу салтанаты өтті.

nish

Зияткерлік мектеп әлемді жақсартуға дайын, сыни тұрғыдан ойлайтын, әлеуметтік жауапкершілігі мол белсенді азаматтарды тәрбиелеуді мақсат етеді. Әсіресе, ұлттық болмысқа негізделген тәрбие – басты орында.

Жаңа жоба туралы жуырда 7-сынып оқушыларының әкелерімен кеңес өтті. Әкелер өз кезегінде қазіргі ұлдардың физикалық денсаулығы алаңдатпай қоймайтынын мойындап, жобаның маңызы мен қажеттігін айтты. Бүгінгі зияткер оқушы – ертең елімізді әлемдік қауымдастықта таныстыратын болашақ көшбасшы. Оларды жасөспірім шағынан ұлттық құндылыққа толы, нағыз ер азамат етіп тәрбиелеуіміз парыз. Ал күрестің текті түрі саналатын қазақ күресі – біздің ұлттық болмысымыздың қайнар көзі. Ол қазақы рух, ептілік, қайсарлық, уақытылы әрі дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелейді, – дейді мектеп директоры Шолпан Кадырова.

nish (2)

Зияткерлік мектепте ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында тоғызқұмалақ, домбыра, қазақ биі сияқты қосымша үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар «100 күйдің тарихы», «Қазақ әндері», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Менің өмірімде қолданатын мақал-мәтелдер», «Екі апта ауылда» жобалары бар. «Алтын ұрпақ» та осы табысты жобалардың жалғасы іспетті.

nish (1)

Ал 7-сыныптың ұлдарын төл өнерге самбо және дзюдодан спорт шебері Нұрымжан Габбасов баулитын болады.

Айта кетейік, қазақтың ұлттық күресі – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген спорт түрі.

Айдана Хамидуллина

Оралдағы физика-математикалық бағыттағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

баспасөз хатшысы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале