24.01.2019, 17:40
Оқылды: 75

Оралдан 350 мың текше метр қар шығарылды

Өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда биылғы қыста Орал көшелерінен тазартылған қар көлемі бес есеге артқан. Соңғы жауған қардың мөлшері 45 см, яғни бұл екі апталық межеден асып кетті. Апталық қардың түсу межесі 21 см, сонда қардың түсуі екі есеге өсіп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

WhatsApp Image 2019-01-24 at 01.33.05

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиевтің айтуынша, қардың мол түсуіне байланысты қала көшелерін қардан тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Шаһар аумағы жыл санап өсіп келеді. Жалпы ұзындығы 615 шақырымдық көше жолдарын және балабақша, мектептер сықылды 100-ден астам әлеуметтік нысанға апаратын жолдарды тазалау «Жайық таза қала» серіктестігінің мойнында. Қар тазалау жұмыстарына 100-ден астам техника жұмылдырылған.

-Ең алдымен таңертеңгілік тұрғындардың жұмыстарына қолайлы жағдайда жетуі үшін қоғамдық көліктер жүретін көше жолдары, жаяу жүргіншілер жолдары қардан аршылады. Содан кейін ғана қалған көше жолдары қардан тазартылады. Алты коллона техника жан-жаққа бөлініп, қардың түсуіне қарай 600 шақырымдық жолды әбден тазарғанша бірнеше мәрте айналып өтеді. Бұған уақыт кетеді. Сондықтан да тұрғындардан көше жолдары қардан тазартылмайды деген арыздар түсуде. Қардың көп болуына байланысты кейбір қоғамдық көлік жүрмейтін көшелердің жолдары кей жағдайда бір немесе бір жарым күнге кешіктіріліп  тазартылады, - деп қар тазалау жұмыстарының өзіне тән сипатын түсіндірген М. Нұртазин. Оның айтуынша, 2017 жылы қалада осы мерзімде сыртқа тасымалданған  қардың көлемі -  42 мың текше метр болса, биылғы қыс маусымында 350 мың текше метр қар шығарылды. Өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда биылғы тазартылған қар көлемі бес есе артқан. Соңғы жауған қардың мөлшері 45 см, яғни бұл екі апталық межеден екі есе артық. Апталық қардың түсу межесі 21 см, сонда қардың түсуі екі есеге артқан.

Басқосуда мәлім болғанындай, «Жайық Таза қала» мекемесінің меншік иесі ауысқан.  Серіктестікті иелігіне алған жергілікті «Zhaik ProfEdu» ЖШС-ның әлеуеті мықты, қар шығару жұмыстарына қосымша техника жүк көліктерін, қар тиегіштерін,  аутогрейдерлерді жұмылдыруда. Бұрынғы меншік иесі кезінде қар мол түскен кезде жан-жақтан техника іздеп табу қиынға соғатын.  Бүгінде қала бойынша 400 жұмысшы, күндіз 50, түнге қарата және 50 техника қар тазалайды.

«Жайық таза қала» ЖШС-ның эксплуатация бөлімінің инженері Николай Хоменконың айтуынша, бұрынғы жылдары қар тек қаңтардың соңында, ақпанда, наурызда жаушы еді, биылғы қыста қар  қараша айынан бастап жауды. Қалдан шығарылған қар Асан және Зашағандағы «Балауса» карьерлеріне тасымалдануда. Қала көшелерімен қатар саяжайлардың жолдары да қардан тазартылады.

-Қала әкімінің тапсырмасымен тұрғын үй кооперативтерімен  қар шығару, үй шатырындағы сүңгілерден тазарту бағытында жұмыстанудамыз. Кейбір ЖПИК-тер белсене жұмыс істеуде, өздеріне қажетті техника сатып алған. Алайда көптеген кооперативтің техникасы жоқ болғандықтан оны жалға алады. Әкімдік мамандары қаланы шартты түрде 20 округке бөліп, күн сайын қар тазалау жұмыстарын бақылауда ұстап отыр. ЖПИК-терге аула жолдарындағы мұзға себуге әкімдіктен тегін құмды-қиыршықты қоспа берілуде.  Бір үй қарайтын кооперативтің жағдайы қиындау, олармен бөлек жұмыстанудамыз , - деді М. Нұртазиев.

Спикерлердің айтуынша, жолға дұрыс қойылмаған аутокөліктер қаланы қардан тазалауда қиындықтар келтіреді. Мұндай жол бөліктеріне Құрманғазы көшесі, Мәметова  мен Ихсанов көшелері аралығы, Достықтан Құрманғазы көшелері аралығы жатады. Сонымен қатар ЖПИК-тер де аулалардағы жеке көліктердің қар тазалау жұмыстарына кедергі  тудыратынына шағымданады. Мұндай көліктердің иелерін тәртіпке шақыруда жол патрульдік полициясы жұмыстанады. Кейбір көліктерді айыптұрағына әкетеді. Сонымен қатар жеке көліктер қар таситын көліктерге жол бермей, өтіп кетеміз деп, мекеменің жүргізушілері зардап шеккен жағдайлар орын алуда.

WhatsApp Image 2019-01-24 at 01.33.06 (1) WhatsApp Image 2019-01-24 at 01.33.06

Гүлбаршын Әжігереева,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале