8-707-808-48-55
15.08.2018, 13:34
Оқылды: 626
Оралдан шыққан керуен Астанаға аттанды

karavan18-19 тамыз күндері Ел ордасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтпек. Соған орай бүгін өңірімізден 120 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеген керуен Астанаға аттанды.


Бас қаланың тұрғындарына арналған жәрмеңкеде батысқазақстандық тауар өндірушілер 32 тонна жылқы және сиыр етін, 10 тонна қалбырдағы өнімді, 16 тонна ет және шұжық өнімдерін, 10 тонна ұн мен жарма өнімдерін, сондай-ақ  бір тонна  өсімдік майы, 10 тонна балық, 2,3 мың  литр  квас, шырын секілді сусындар мен 1 тонна кондитер өнімдерін ұсынбақ.  Жәрмеңкеде күтілетін орташа баға бойынша сиыр еті 1400, жылқы еті 1600, ет және шұжық өнімдері 1500, балық 700, сусындар 110, өсімдік майы 370, кондитерлік өнімдер 300-1500 теңге аралығында сатылатын болады

-Қаратөбе ауылдық округінің аумағынан жер телімін алып, 2017 жылы ауысымына 30 бас мал соятын қасапхана ашқан едік. Қазір Елбасының тапсырмасына орай ірі қара және қой етін экспортқа шығару бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Өткен аптада көршілес Ресейге үш тонна марқа бағланның етін өткіздік. Жылдағы дәстүр бойынша, Астана қаласында өтетін жәрмеңкеге өзіміздің қасапханада сойылған мал етін алып бару үшін жолға шықтық. Үш тоннадай етті саудаламақпыз,- дейді «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр облыс бойынша 1 736,5 тонна ет экспортталған. Биыл 2000 тонна сиыр еті мен 180 тонна қой еті экспорттау жоспарланған. Ет өнімдерін өңіріміздегі ірі экспорттаушылар «Кублей» ЖШС, «Зира ЕТ» ЖШС, «Гитинов» ШҚ, «Дәурен» ШҚ, «Ерсайын» ШҚ сиыр және қой еттерін Ресейге, Арменияға, Иранға және Қырғызстанға  жөнелтуде.

Гүлсезім БИЯШЕВА

Фото Динара КИНДЕРБАЕВА

zhaikpress.kz

 

Ұқсас жаңалықтар Басқа да жаңалықтар
Пікір қалдыру