3.10.2017, 10:37
Оқылды: 18

Оралдық ЖЭО жапондық жабдықтармен жаңғыртылуда

received_746037695594317БҚО әкімі Алтай Көлгінов «Жайықжылуқуат» мекемесінде болып, жылу электр орталығындағы (ЖЭО) жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Алтай Сейдірұлы аталмыш орталықтағы жылыту жабдықтарының жай-күйін көріп, оларды жаңарту бағытында атқарылып жатырған істерге қатысты мекеме басшыларының баяндауларын тыңдағаннан кейін журналистерге сұхбат берді.

- Қаламыздағы Жылу электр орталығын жаңғырту үш кезең бойынша жүргізілмек. Жоспар бойынша бірінші кезеңде екі турбоагрегат жөнделеді. Бүгінгі таңда олар 7 Мвт қуат беріп тұрса, жаңғыртылғаннан кейін әлдеқайда күштірек болады. Яғни, 18 Мвт электр энергиясын бере алатын болады. Жайық өзеніне жаңадан қуатты сусорғылар орнатылды. Жаңа технология өзеннен алынған суды барынша үнемді әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пайдаланылған су кері қарай өзенге құйылмайды. Бұл экологиялық жағынан өте маңызды.

received_746037782260975ЖЭО-ны үш кезең бойынша жаңғырту Үкіметтің, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен жасалған жоба. Жоба құны 6 млрд. 700 млн. теңгені құрайды. Оның жартысы үкіметтен бөлінсе, белгілі бір бөлігін жергілікті бюджеттен қарастырдық, қалған қаражат аталмыш банктен алынады. Бүгінгі таңда мамандар техникалық зерттеулер жүргізіп, бірінші және бесінші турбоагрегатты ауыстыру қажет екенін анықтады. Сонымен қатар Жайық өзенінен алынған суды тазартатын жабдықтарды да ауыстыратын боламыз. Қазіргі уақытта ағымдағы жөндеулер аяқталды. Жылыту трассасының сегіз шақырымы жаңартылды. Мұның бәрі үлкен қаражатты талап етті. Бүгінде жылыту маусымына кірдік. Әлеуметтік нысандар, мектептер мен балабақшаларға жылу 100 пайыз берілді. Оның сыртында 700-ден астам көп қабатты тұрғын үйге жылу қосылды. Қалған үйлерге де 2-3 күннің ішінде жылу толық берілетін болады. Негізінен алғанда жұмыс жоспар бойынша жүруде. 24 Мвт электр энергиясын беретін жапондық газ турбиналық қондырғыны жаңғыртатын құрал-жабдықтарды әкелу екі жылдан бері шешілмей жатырған мәселе еді. Қазір қажетті жабдықтар Жапониядан толықтай әкелінді. Өздеріңіз көргендей, жылыту жабдықтарының барлығы елу жылдай жұмыс жасап, ескірген. Алда кең көлемді жаңғырту жұмыстары күтіп тұр. Оған тиісті қаражат бөлінді. Қарыз мәселесіне келетін болсақ, «Қазтрансгазға» 900 млн. теңгенің үстінде қарыз болатын, қазіргі уақытта оның 180 млн. теңгесі қалды. Оны да жақын арада жабатын боламыз. Ал «Жайықжылуқуаттың» алдындағы тұрғындар қарызы 500 млн. теңгені құраған болса, ол да азайып келеді. Бұл орайда оң нәтижеге жету үшін сот орындаушыларының жұмысын күшейттік. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да бақылауымызда ұстайтын боламыз, - деді облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале