6.02.2019, 18:02
Оқылды: 28

Оралдықтар өртте қаза болған астаналық бүлдіршіндерді аза тұтты

Астана төрінде қалың қазақ елін күңірентіп, халықты есеңгіреткен қайғылы оқиға естен кеткен жоқ, кетер емес...

Отқа оранып опат болған бір отбасының бес бүлдіршінінің тағдыры талайдың жанына батып, жүректерге зіл-батпан жүк артты. Қара жамылған ата-анаға астанылықтар ғана емес, еліміздің әр түкпіріндегі ет жүрегі езілген үлкен-кіші, жас-кәрінің бәрі қайғыра көңіл айтуда...

Screenshot_2019-02-06-16-23-51-1

Орал қаласындағы қазақтың қаһарман қыздарына қойылған ескерткіш жанында жиналған бір топ студент, ата-аналар, оқиғаға бей-жай қарамаған қалалықтар үйінде шыққан өрттен опат болған астаналық бүлдіршіндерді еске алып, бір минут үнсіздік жариялап, гүл шоқтарын қойды. Белсенді жас Дулат Жүсіпқалиев: «Біз бұл жерге елде болған қайғылы жағдайға ортақтасайық, алыста болсақ та ата-анаға демеу болайық деп келдік» десе, «Ақ отау» ҚБ төрайымы Алтынай Искалиева: «Бұл қасірет бәріне сабақ болып, екіншілей мұндай жағдай қайталанбасын» деген тілегін айтты. Ал үш баланың анасы Жеміс Имашева болса, «сәбилердің обалы кімге?» деген сауалын ортаға тастап, елдегі ана мен баланың жағдайы үнемі назарда болуын тіледі.

- Мұндай қазаны естігенде жанымыз түршікті. Өзім ол сәбилердің ата-анасын көз алдыма елестете алар емеспін. Қандай азап, қайғы десеңізші... Қазір ол отбасының тұрмыс-тіршілігіне қатысты сұрақтар да, оған берілген жауаптар да көп. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын қаза. Осы жасқа келгенде, мұндай қасіретті бірінші рет естіп отырмын. Бес бірдей баланың бір ғана оттың кесірінен болған қазасын бүкіл Қазақстанның қасіреті деп ойлаймын. Қазір еліміздің әр түкпіріндегі тұрғындар есеңгіреп отырған ата-анаға қаражат жинап, көмек қолын созуда. Біз де шамамыз келгенше көмектесейік. Қасіретке душар болған әке мен ананы қолдайық. Енді мұндай жағдайды Қазақстан халқының басына бермесін. Сақтанайық, отбасымызды сақтайық, - деді БҚО ҚХА аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина. Мұндай аза тұту шаралары еліміздің әр өңірінде өтіп жатыр.

Еске салсақ, 4 ақпан күні түнде Астана қаласында «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шыққан еді. Тілсіз жау «жалмаған» үйден 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бес қыз баланың денесі табылды. Қайғылы оқиға кезінде олардың ата-анасы түнгі жұмыста болған. Ақпанның 5 күні балалардың денесі жер қойнына тапсырылды.

Ясипа Рабаева,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале