14.02.2018, 16:15
Оқылды: 87

Оралға ипподром қажет

Осыдан 16 жыл бұрын құрылған ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің алғашқы екі-үш жылы жылқы таңдау, бапкерлерді дайындау сияқты жұмыстарға арналыпты. Мектеп директоры Дастан Мырзағалиев қазір мектептің жұмысы бір жүйеге қойылғанын айтады. Оның сөзінше, бапкерлердің дені жасөспірім кезінен осы мектептің бас-қасында жүрген, кейін оқуын тәмамдап келген жігіттер.

- Ұлттық спорт мектебі бес бағытта жұмыс жасайды. Қазақ күресі, ат спорты түрлері, жекпе-жек, асық ату, жамбы ату. Оның ішінде жекпе-жек - соңғы қосылған үйірме түрі. Мектеп бойынша 90 баладай қатысады. Ал қазақ күресі бөлімінде 130-дан астам спортшы тәрбиеленуде. Қазақ күресі - бұрын той-томалақ, наурызда ойын түрінде өтетін болса, қазір өз ережесі бар спорт түрі. Бұл бөлімде 4 бапкер жұмыс жасайды. Аударыспақтан да біраз жетістіктер бар. Мәселен, аударыспақшымыз Нармағамбет Иманғазыұлы жыл бойы жеткен табыстары бойынша 2017 жылдың ҚР үздік спортшысы атағын иеленді. Бұл - мектеп тарихында болмаған жағдай. Жалпы мектепте 400-ден аса бала бар.

Мектеп директорының сөзінше, асық ату бойынша да қазір насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл спорт түріне арналған үйірме өткен жылы ашылған.

- Бала кезімізде асықты ауыл аралап ойнаушы ек. Қазір компьютер, телефонның дәурені жүріп тұр. Колледждерге барғандағы мақсатымыз – жастарды спортқа тарту. Спортпен дос қыз-жігіт зиян әдетке әуес болмайды. Біздің мектептің бір ерекшелігі – патриоттық тәрбиені де береді. Біздің оқушылар арақ, темекіден аулақ. Сондықтан ауылдан жаңа келген студенттерді тарқымыз келеді. Көпшілігі ұлттық спорт мектебі туралы білмейді екен. Келгіміз келеді деп жатыр. Өздеріңізге мәлім, асық атудың өз ережесі бекітілді. Жарыстар өткізіледі. Біз өткен жылы ел спартакиадасына қатысып қайттық. Ұлттық спорттан бәсекелестік жоғары. 14 облыстың арасында БҚО құрамасы 9 орын алды. Ал ақпан айының ортасында асық атудан облыстық чемпионат ұйымдастырмақпыз. Содан іріктеп, асық атудан облыс құрамасын жасақтамақпыз. Айта кету керек, асық атудан спорттық дәреже беріледі, - дейді ол.

Ұлттық спорт мектебінің ұйымдастаруымен биыл 40-қа жуық жарыс өтеді екен. Оның ішінде ең ірісі – ақпанның 24-25-і болатын бүркітшілердің дәстүрлі «Қансонар-2018» республикалық турнирі. 15 команда қатысады деп жоспарланған турнир Орал-Атырау тасжолында (қаладан 6 шақырым жерде), Жайық қалашығында өтеді. Шарада музей көрмесі жасақталып, келушілер назарына ұсынылмақ.

- Негізінде бұндай жарыстар оңтүстік өңірде өткізіледі. Біздің жақта құсбегілік дәстүр дамымаған. Сол себепті басшылықпен келісе отырып, осы өнерді біздің халық көрсін деп ұйымдастырғалы отырмыз. Өкінішке орай, облыс атынан шығатын бүркітші таба алмай жатырмыз. Бірді-екілі ұсыныс түсуде. Республикалық турнир болған соң, лайықты өнер көрсетуі керек. Қатысушы табылмаса да, жақсы, халық үшін ерекше шара болады деп ойлаймын. Сондай-ақ тамызда қаламызда аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан республикалық жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар биыл аудандарға басымдық бергіміз келіп отыр. Қазір  Жәнібек, Шыңғырлау аудандарында ғана ат спорты мектебі бар. Ауылдарда ұлттық спортты насихаттап, басшыларға жеткізгіміз келеді, - дейді Дастан Қадерұлы.

Дастан Қадерұлының айтуынша, үш жылдың ішінде 11 жылқы әкелінген. Былтырғы жылдың соңында мектептегі сәйгүліктердің қатарына 5 айғыр қосылған. Қазір оларды бапкерлер дайындау үстінде.

- Ұлттық спорттың ерекшелігі – спортшыны емес, жылқыны да дайындау керек. Жеңістің 70 пайызы атқа байланысты. Мектебімізде спорттық, күнделікті мінетін жылқылар бар. Жемдеп, дәрумендерін беріп, семіртіп жатырмыз. Спорттық жылқылар додадағы қарбалас сәтте жарып шығу үшін әлді болуы керек. Ұлттық спортқа кез келген жылқы келе бермейді. Көкпарға бейімделген жылқы керек. Осы мақсатта  көкпар жылқыларын алдық. Былтырғы жылдың соңында 5 айғыр әкеліп, бапкерлер дайындау үстінде.

Мектебімізде 33 айғыр бар. Оның ішіндегі 3-4 жуасы қала тұрғындарын серуендетуге арналған. Тірі жан болғасын ауырып қалады. Ондайда жаттығуға шығармаймыз. Додаға төсі кең, мойны ұзын, шоқтығы биік, белі мығым жылқы келеді. Сондықтан жылқыларды Ресейден, оңтүстік өңірлерден аламыз.

Жалпы атқа мінген бала көбірек болғанын қалайсың. Ең бірінші, денсаулыққа пайдалы. Аттың қасында тұрғанның өзі биоэнергетика береді. Мектепте көктем-күз аралығында ипотерапия өтеді. Яғни, қимыл-қозғалысы қиын, мүмкіндігі шектелген балаларды атқа отырғызамыз. Ата-аналар риза. Бұл біздің міндетімізге кірмейді. Оған арнайы маман да жоқ. Алайда барынша көмектесуге тырысамыз.

Біздің басты мәселеміз – ипподромның жоқтығы. Халық біздің мектепті ипподром деп жатады. Алайда ипподромда арнайы жарыс алаңы, шабатын жері, ат қорасы, әкімшілік ғимараты болады. Біздегі оқушылар саны, спортшылардың деңгейі жақсы. Сондықтан ипподром ауадай қажет. Қазіргі күтетін жаңалығымыз осы, - дейді Дастан Мырзағалиев.

Айдана Хамидуллина,

zhaikpress.kz

Иппотерапия1 IMG-20161104-WA0042

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале