11.01.2018, 17:31
Оқылды: 22

Оралға Санкт-Петербордан көрме келді

 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Санкт-Петербор қаласынан келген «Балауыз мүсіндер» көрмесі ашылды.

Көрмеге 40 кейіпкердің мүсіндері қойылған. Олардың ішінде Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Гитлер, В.Ленин, Н.Хрущев, Л.Брежнев, М.Горбачев, В.Путин, Б.Ельцин және Б.Обама секілді тарихи тұлғалармен қатар әлемге әйгілі спортшылар Пеле мен М.Тайсонның және А.Семенович, С.Михаилов, Г.Лепс сияқты танымал әншілердің мүсіндері көрмеге қойылған. Сондай-ақ көптеген балалардың сұранысы мен қызығушылығына айналған Аватар, Добби, Йода және Буратино мультфильміндегі кейіпкерлер көрменің сәніне айналды. Көрмеге келушілерге «Ұлттық аң және балық аулау», «Жұлдыздар соғысы», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Сақиналар әміршісі», «Гарри Поттер» және т.б. фильмдерінің кейіпкерлері ұнаған.

Экспонатты дайындау үшін оның күрделілігіне қарай жарты жылдан бір жылға дейін уақыт кетеді екен. Мүсіндер балауыздан және қазіргі заманғы материал – силикон пайдаланылады. Ал жанарлары нағыз көз протездерінен жасалады.

-Біздің көрмеге ұсынып отырған кейіпкерлеріміз қызықты. Әр фигураны дайындап көрмеге ұсынуы үшін 15-ке жуық маман жұмыстанады. Алдымен мүсінші фигураны түпнұсқасына ұқсатып жасап, әрі қарай барлық антропологиялық белгілерін сақтауға тырысады. Үстеріне киген киімдерінде халықтың көз алдында қалып қойғандай айнытпай жасайды. Әсіресе бойының ұзындығын шынайылықпен сәйкестендіреді. Аса күрделі жұмыс, ол сырт келбетінің ұқсастығы. Кез-келгеннің қолынан келе бермейтін құнды дүниелерді оралдықтарға ұсынуға жәрдемдескен облыстық тарихи-өлкетану музей ұжымына рахметімді айтамын, - дейді Санкт-Петербор қаласының балауыз мүсіндер көрмесінің әкімшісі Раиса Путилина.

Санкт-Петербордан әкелінген экспонаттарды ақпан айының соңына дейін және демалыссыз, күндізгі сағат 10.00 - 19.00 аралығында тамашалауға болатынын оқырманның есіне саламыз.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале