11.12.2019, 18:43
Оқылды: 222

Орынбор және қазақ зиялылары

Қазақ зиялыларының қалыптасуындағы Орынбор қаласының рөлі ерекше. Революцияға дейінгі уақыт аралығында провинциялық орталықтардағы оқу орындарының қызметіне көп көңіл бөлінгені белгілі. Өткенге үңілетін болсақ, Орынборда қазақ қоғамының көрнекті мемлекет қайраткерлері, ғалымдары, ақындары мен жазушыларының көбі білім алды. Жалпы, Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында Орынборда қазақстандық ұлттық кадр­ларды даярлау тәжірибесі ерекше қарқынмен дамыды.

alash

Ең алдымен ұлттық аймақтарда басқару жүйесін ұйымдастыру үшін білікті, арнайы оқытылған және ұлттық идеологияның ресми қызметкерлерін даярлау  қажет болды. Осыған орай, Кигргиз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасында алғаш рет қазақ халқының өз өкілдерінен мамандар даярлау жұмыстары басталып кетті.  Әрине бұл тұрғыда жаңа қазақ элитасының әлеуметтік құрамы айтарлықтай өзгерді.

Жаңа ұлттық элитаны даярлау бір­ден бірнеше бағытта жүргізілді. Ең алдымен, 1919 жылы Орынборда практикалық халық ағарту институты  және Шығыс (татар) халық ағарту институты құрылды. Рас, алғашында қазақ студенттерінің саны мардымсыз болды. Айталық, 1922 жылы аталған оқу орнында 81 студент оқыса, олардың 75-і татар, 1-і башқұрт және 4-і қазақ. Ерекше атап кететін жайт, 1920-1922 жылдары практикалық халық ағарту институтында  оқыған сол аз ғана студенттердің бірі, кейінде қазақтың кәсіби театр өнерінің негізін салушы Серке Қожамқұлов болды. Бұл білім ордасы 1925 жылы татар (кейіннен татар-башқұрт) педагогикалық училищесі болып қайта құрылды.

1920 жылы Қырғыз (Қазақ) Халық ағарту институты қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлай бастады. Бұл жерде институтта сабақ қазақ тілінде жүргізілгенін ерекше атап өткен жөн. Бір жылдың ішінде институтта 140 адам оқыған. 1925 жылы оқу орны сол кездегі жаңа астана – Қызылордаға көшіріледі.

 Сонымен қатар институт базасында мемлекеттік аппарат қызмет­кер­лерінің біліктілігін арттыру да қа­тар ұйымдастырылды. 1923 жылы Орынборда алғашқы медициналық колледж ашылып, онда қазақ студенттері үшін дайындық курсы жұмыс істеді. Ең кереметі, 1929 жылы техникалық училищені алғашқы бітірушілер саны 35 адам болса, оның 24-і қазақ жастары болды. Сол жылы техникалық училище Орал қаласына көшірілді.

Тарихқа үңіле берсек, 1924 жылдың 15 қазанында Ор уезінің Домбаровский ауданында қазақ балаларына арналған 80 адамдық мектеп-коммуна ашылды. Дәл осы жылы Орынборда өлкелік тәжірибелік-көрсеткіштік қазақ мектебі өз жұмысын бастады. 1924 жылы жел­тоқ­сан айында бұл мектепке М.И.Калинин келген болатын.

Орынбордағы Қырғыз кеңестік-партиялық мектебі басқарма кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттырумен айналысты. 1923 жылы Қырғыз ОАК қазақ әйелдері арасындағы жұмыстар бойынша мамандарды әзірлеу мақсатында Кирсов партиялық мектебінің жанынан 50 адамдық арнайы әйелдер бөлімін ашу туралы қаулы шығарды.

Кирревкомның баспа органы, ал­ғашқы кеңестік қазақ газеті – «Ұшқын­ның» редакциясы қазақ зиялыларының  мінберіне айналды.  ҚырАКСР РКП(б) және ОАК  Өлкелік комитетінің органы 1920 жылы «Еңбек туы», ал 1921 жылы – «Еңбекші қазақ» болып өзгертілді. Қазір ол – бас басылым, биыл өзінің жүз жылдығын атап өтетін «Егемен Қазақстан» газеті.  Газеттің редакциясы 1919-1925 жылдар аралығында қазіргі Ленин көшесі, 17 үй ғимаратында орналасты. Орынбор кезеңінде газет редакциясында кеңестік қазақ әдебиетінің және Қазақстан Жазушылар одағының  негізін қалаушы, ақын, жазушы, 1922-1924 жылдары Қазақстандағы Халық комиссарлар кеңесін басқарған Сәкен Сейфуллин (1894-1935); кеңестік қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, жазушы-драматург Бейімбет Майлин  (1894-1939); қазақ журналистикасының атасы, алғашқы қазақ журналы – «Айқапты» шығарған жазушы, ақын әрі публицист Мұхамеджан Сералин  (1872–1929); қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, драматург, ғалым (1897-1961); Кирревкомның «Ұшқын» газетінің, партия обкомы мен Қарақалпақ АКСР Жоғары Кеңесінің «Қарақалпақ жаңалықтары» және «Кеңестік Қарақалпақия» газеттерінің бас редакторы  Тамимдар Сафиев (1892);  журналист, Киревкомның «Ұш­қын» және Бөкей губкомының «Ең­бек» газеттерінің бас редакторы, Орал, Семей және Қарағанды облыс­та­рының ағарту бөлімдерінің, ҚазКСР Халық ағарту комиссариаты бөлімі­нің жетекшісі, ҚазКСР ОАК мүшесі, РКФСР Конституциясын қазақ тіліне аударған аудармашы  Халел Есенбаев (1892–1938); ақын, Пушкин мен Лермонтовты қазақша тәржімалаған Бернияз Күлеев (1899–1923); өздігімен соғысқа сұранып, Кёнигсберг түбінде қаза тапқан  ақын, жазушы Аманғали Сегізбаев  (1897–1944) және басқалары қызмет атқарды.

Аталған рухани ошақтармен қатар, 1921 жылы өз жұмысын бастап, бұ­рынғы ерлер гимназиясының ғимара­тында орналасқан (қазіргі пединститут, Советская, 19) жаңа оқу орны – Орынбор жұмысшы факультеті де нағыз ұстаханаға айналды деуге болады. Бірақ 1927-1929 жылдардағы жұмысшы факультетінің ұжымдық суреттерінде бұрынғы училищенің ғимараты (қазіргі Советская көшесі, 24 үйде орналасқан  физикалық-математикалық лицей) бейнеленген. Бұл 1920 жылдардың екінші жартысында жұмысшы факультеті осы ғимаратқа көшірілгендігін айғақтайды.

Осы ретте аталған оқу орны жайлы кеңінен айта кеткіміз келеді. Жалпы, жұмысшы факультеті мен қазақ зиялы­ла­рының арасында үлкен тарих жатыр десек қателеспеген болар едік.

Зерттеп қарасақ, жұмысшы факуль­тетіндегі оқу үш жылға жалғасатын болған, онда тыңдаушылардың  30 %-ы қазақ ұлтынан болу керек деген ал­дын ала бұйрық та бекітілген екен. Қыр­ғыз АКСР Халық комиссариатының бас кәсіптік-техникалық комитетінің жар­лы­ғы бойынша жұмысшы факультетіне Ақтөбе, Қостанай, Орынбор, Ақмола губернияларының жастары қабылданды.

1922-1926 жылдар аралығында Орынборда оқып, өмір сүрген қазақтың көрнекті ақыны және жазушысы Сәбит Мұқанов  өзінің өмірбаяндық романында осы Орынбор жұмысшылар мектебінде оқығандығы туралы және мұғалімдерінің мінез-құлқы жөнінде көп естелік жазады. Аталған оқу орнында қазақ жастары үшін ең басты қиындық орыс тілі болғанын жасырмауымыз керек.

С.Мұқановтың естеліктеріне сәйкес, рабфакта оқығандар шағын шәкіртақыға ие болғанына қарамастан, олар нашар өмір сүргені айтылады. С.Мұқанов сол қиын-қыстау кезеңде С.Сейфуллиннің кеңесі бойынша өлеңдерін «Еңбекші қазақ» және «Қызыл Қазақстан» журналында жариялай бастап, осы үшін қаламақы алып отырады.

Көптеген қиыншылыққа қарамастан, сол кезде рабфактың атағы дүрілдеген үстіне дүрілдей береді. Оған рабфак жатақханасының жиі қонағы, танымал қазақ әндерінің жинаушысы Александр Викторович Затаевич болғандығының өзі айқын мысал деуге болады.

Әлбетте, ол уақытта РКП (б) Рабфак камерасы бюросы және Атқарушы бюро белсенді болды. Оның ішінде, әсіресе қазақ зиялыларын көптеп кездестіруге болады. Мысалға алатын болсақ,  1927-1928 оқу жылында рабфактың атқарушы бюросының құрамынан Галиев, Нигметғалиев, Кепешев, Кошмакулова,  Ыбыраев, Егеев, Нұралиханов, Төлешев есімдерін кездестіруге болады. Сол оқу жылында ВКП (б) Рабфак бюросының құрамына Б.Манкин, О.Жұмабаев, Н. Едігеев, Д.Әлімбаева есімді қазақтар да кіреді.

Сондай-ақ Орынборда оқыған қазақтың ұл-қыздары бос уақыттарын Свердлов клубында «Шығыс кештері» деген атаумен  жиі әдеби кештер өткізіп тұрған. Қазақ, татар және башқұрт жастары концерттер ұйымдастырып, ұлттық ойындардан жарысып, тіпті көркемөнерпаздар қойылымдарын да қояды. 1923 жылы аталған клубта Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы негізінде сахналанған кішігірім қойылым көрсетіледі. Кең фойеде киіз үй тігіліп, онда қымыз, қазы, құрт сияқты қазақтың ұлттық тағамдары да сатылатын болған.

Осыдан-ақ байқап отырғанымыздай, жұмысшы факультетінің сол кездегі әр үшінші студенті қазақ болып отыр­ғандығына көз жеткізуге болады. Әл­бетте, оның барлығы қазақтың жа­лындаған жас ұл-қызы еді. Орынбордағы рабфакты бітірген алғашқы қазақтар Мұхаммеджан Фаризов пен Хасен Нұрмұхамметов болды. Жоғарыда атап кеткен Сәбит Мұқанов бар, белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов, қазақтың атақты ақыны Иса Байзақовқа дейін осынау ордалы білім ошағында сабақ алды.

Бұларды айтудағы мақсатымыз, әрине белгілі сияқты. Сонау қиын-қыстау кезеңнің өзінде зиялы қазақ жас­тары  аз уақыттың ішінде ғана алған білімдерінің өзімен ұлт мүддесі үшін аянбай күрескендігін көреміз. Біз үшін сол уақытта ұлт тағдыры үшін ұлы істерге ұмтылған қазақ жастары бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның алтын қазығы сияқты елестейді. Өткен ғасырдағы қазақ элитасының сол қадамдары жекелеген ұлтқа ғана емес, тіпті тұтас адамзатқа үлгі боларлық үлкен қадамдар болатын. Әр уақыт өз қаһармандарын осылай тудырады. Тарихқа терең бойлаған сайын бізге көрінбес нәзік байланыстарды сезуге болады, ол жалпы адами құндылықтардан бастап, ұлттар арасындағы, мемлекеттер шекарасындағы рухани-мәдени байланыстар болса керек.

 

Константин Моргунов

Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарих және этнография ғылыми зерттеу  институтының аға ғылыми қызметкері

материал egemen.kz сайтынан

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале