14.06.2017, 10:20
Оқылды: 72

Өткен жылы 22 лауазымды тұлға жұмыстан босатылған

Бұл жайлы Оралда өткен «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығының алдын алу және сот жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбындағы семинар-кеңесте айтылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовтың сөзінше, сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында мемлекеттік қызмет 2016 жылдан бастап меритократия қағидаттарына негізделген жаңа форматта жұмыс жасай бастады. Нәтижесінде мемлекеттік қызметке жаңадан келген адам саны 3 есеге  көбейді, кадрлардың ауысуы 2 есеге төмендеді және өзге қызметке ауысу жағдаяты 18 есеге қысқарды. Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмыс нәтижелері бойынша 2016 жылы 22 лауазымды тұлға жұмыстан босатылған, 200 тұлға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертіліп, 4 тұлға лауазымынан төмендетілген.

Облыстық Соттар әкімшісінің ішкі қауіпсіздік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжиһан Сәпиеваның сөзінше, сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ҚР Жоғарғы Сотының жанынан ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі құрылған, осыған ұқсас бөлімдер облыстық соттарда да жұмыс істейді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2017 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Бұдан басқа сот қызметінде сыбайлас жемқорлық жағдаяттарын болдырмау үшін бөлімде (Call-центр) сенім телефоны бойынша жұмыс жүргізіледі.

Шараны қорытындылаған Нұрлан Қажғанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті тек сот жүйесінде ғана емес, сонымен қатар, жалпы қоғамда қалыптастыру керектігін, бұған еліміздегі әрбір азаматтың атсалысқаны жөн екенін айтты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале