12.07.2018, 22:19
Оқылды: 74

Пойыздағы кемшіліктер үшін лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылмаған

Бүгін БҚО әдеп кеңесінің кезекті отырысында Көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департамертінің Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айтқали Батыровтың тәртіптік ісі қаралды.

Орал көлік прокуратурасының өкілі Шаһзада Әлібекованың түсіндіруінше, биылғы мамыр айында Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Оралдан басқа қалаларға қатынайтын пойыздарды тексеру барысында жыл басынан алты әкімшілік іс қозғаған. Наурыз айында Орал-Алматы бағытында жүретін пойызды тексеріп, акт құжатында ішек құртының бактериясы табылуына қатысты төрт фактіні және басқа да кемшіліктерді көрсеткен. Бірақ сол үшін басқа вагондағы жолсерікті жауапқа тартып, оған айыппұл салған.

– Арнайы қолғап болмағаны, су кранының бұзылғаны немесе басқа бұзушылықтар болғаны үшін неге жолсеріктер ғана кінәлі? Тексерушілер ҚР Әкімішілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, хаттама толтырған кезде жауапқа тартылғандарға, алдымен, жеті күн ішінде төлеген жағдайда айыппұлдың 50 пайызын өтеуге болатынын түсіндірмеген. Және бактерияның табылуына байланысты кешенді тексеру жүргізіп, заңды тұлғаны, мәселен, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығын жауапқа тартуды ұсынбаған. Яғни тексеру жүйелі ұйымдастырылмаған, – деді Шаһзада Әлібекова.

Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айтқали Батыров басқарма мамандары пойызды бір сағат ішінде тексеріп үлгермейтінін айтып ақталды.

– Мемлекеттік қызметші өзінің міндетін тиімді атқарып, жұмыс уақытын дұрыс ұйымдастыра білуі тиіс. Сондықтан ұжым қызметкерлерін жауапты іске жүйелі жұмылдырмай, міндетіне салғырт қарағаны үшін Айтқали Батыровқа қатаң сөгіс ретінде ескерту беруге ұсыныс жасаймын, – деді облыстық әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов. Төраға ұсынысын кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.

Кеңес отырысында мемлкеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама бұзушылықтарын болдырмау бойынша басқа да істер қаралды. Жер телімін пайдалануда сала мамандары тарапынан бұзушылықтарға жол берілгені үшін Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, қызметтік әдептің сақталуын қадағалауда салғырттыққа бой ұрған облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары, тәртіптік комиcсиясының төрағасы Нұрлыбек Мұстаев жауап берді.

Нұртай Алтайұлы,

Суретке түсірген автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале