9.12.2019, 16:13
Оқылды: 447

Полиция қызметкерлері тағы да көлігімен адам қақты

Соңғы уақытта полиция қызметкерлерінің көлігімен адам қаққаны туралы оқиға жиіледі. Желтоқсанның 7-сі күні Орал қаласының Жәңгір хан  көшесінде болған жол-көлік оқиғасында адам ажалына себепкер болған полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұл жайында БҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Манарбек Нәжиев хабарлады.

– Желтоқсан айының 7-сі күні түнгі сағат 3:00-де жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, аға лейтенант Медет Рахадилов «АудиВ4» көлігімен Жәңгір хан көшесіндегі көлік бүйіріне соқтығысып, рөлде отырған 1990 жылғы әйелді ауыр жарақаттады. Зардап шеккен тұрғынның ауруханаға түсіп, қайтыс болғаны туралы хабар алдық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-тармағы бойынша инпеспектор көмекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Учаскелік полиция қызметкерін тұтқында ұстау туралы шешім қабылданды. Полицей қызметкері медициналық куәландырудан өтуден бас тартты. Олай етуге оның құқы бар, - деді болған оқиғаның мән-жайын айтқан БҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Манарбек Нәжиев.

БҚО әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Плешаковтың хабарлауынша, желтоқсанның 2-сі күні таңғы сағат 6:00 шамасында Тасқала ауданы орталығындағы М. Мәметова көшесінде аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Сәкен Қазжанов «жолдан өтіп бара жатқан 1953 жылғы тұрғынды өзінің «Шевроле Нива» көлігімен қаққан. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-тармағы (абайсызда адамның денсаулығына орташа зиян келтiру) және 347-бабының 1-тармағы (жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалуы) бойынша мемлекеттік аға инспекторы Сәкен Қазжановқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнынан із суытқан инспектордан ешқайда шықпауы жөнінде қолхат алынды. Қазіргі уақытта қызметік тексеру жүргізілуде.

18 қараша күні сағат 23:30-да облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция лейтенанты Ринат Баймұқашев Орал қаласының Жәңгір хан - Брусиловский көшелерінің қиылысында жол шетінде кетіп бара жатқан 1998 жылғы қыз баланы қағып кеткен еді. Сол күні полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, облыстық полиция департаментінің тәртіптік кеңесінің шешіміне сәйкес полиция лейтенанты қызметінен босатылды. Әлі күнге жәбірленуші Лариса Еспаева ауруханада ауыр халде жатыр.

«Оқиға орнына барып, апат салдарын видеоға түсірген Орал қаласының тұрғыны Айболат Бөкенов партрульдік полиция қызметкеріне кедергі жасады. Медициналық сараптама арқылы оның жеңіл мас күйінде келгенін анықтады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667-бабы бойынша іс қозғалып, Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен Айболат Бөкеновке ескерту берілді», – деді Манарбек Нәжиев.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале