27.07.2018, 9:54
Оқылды: 74

Премьер-министр Батыс Қазақстан облысының экономикалық өсіміндегі оң қарқынды атап өтті

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өңір активімен және бизнес өкілдерімен облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кездесу өткізді.

Кеңес осы жылдың 15 мамырында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларының орындалу барысына талдау жасаудан басталды.

Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы сапар аясында республикалық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізат көлемімен қамтамасыз ету, сонымен қатар қорғаныс-өнеркәсіптік кешен бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының Орал қаласымен қатынасын дамыту үшін көлік жолдарына күрделі жөндеу жүргізу бағыты бойынша қазіргі кезде ұзындығы 35 шақырым, республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі 1 млрд теңге болатын «Чапаев — Жалпақтал — Казталов» автожолының учаскесінде жөндеу жұмыстары басталды.

«Жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайхин» жолдары бойынша жобалық ұйым айқындалды, қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Барлық қажетті қаражаттар, оның ішінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін де, республикалық бюджеттен қарастырылған», — деп мәлімдеді Е.Досаев.

«Подстёпное — Федоров — РФ шекарасы» автожолын реконструкциялау жұмыстарын келесі жылы республикалық бюджет есебінен бастау жоспарланып отыр, аяқталу мерзімі — 2021 жылы. 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында белгіленген лимиттер аясында 17,3 млрд теңге сомасындағы шығыстарға қолдау жасалған. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастау бойынша конкурстық процедуралар жүргізіліп жатыр, келісімшартты биыл тамыз–қыркүйек айларының бірінде жасау көзделген.

Сонымен қатар, Е.Досаев «Конденсат» АҚ-ын ішкі нарықтарға мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. 2018 жылдың маусым айында Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауытын магистралды мұнай құбырлары мен темір жол жүйесі бойынша қазақстандық өндірушілердің мұнайын тасымалдау кестесіне қосқан болатын. Бұл кестеге сәйкес, осы жылдың шілде айына 15 мың т көлемінде сынамалық квота бекітілген.

«Зауытты одан әрі қарай шикізатпен қамтамасыз ету ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне қажеттілікті және «Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауытының өзінің техникалық мүмкіндіктерін ескерумен жүргізілетін болады», — деді Е.Досаев.

Мемлекет басшысының қорғаныс-өнеркәсіптік кешен бойынша тапсырмаларын орындау мақсатында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Зенит» Орал зауыты» АҚ және «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарымен қамтамасыз ету үшін Үкіметте аталған кәсіпорындардың басшыларымен төрт кеңес өткізілген. Е.Досаев бүгінгі таңда проблемалық мәселелердің қаралып, оларды шешу бойынша нақты шаралар қабылданғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары Үкіметтің тұрақты бақылауында», — деп түйіндеді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Досаев.

Бұдан әрі активпен кездесу барысында өнеркәсіп саласын, сауданы, көлік және логистиканы, білім беру, денсаулық сақтау салаларын, туризмді, АӨК, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық жаңарту және цифрландыру, инвестициялар тарту және өнімді жұмыспен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов жобалық басқару аясында І жарты жылдықта әкімдіктің атқарған жұмысы туралы айтып берді. Қазір өңір еліміздің ЖІӨ 4,5% және өнеркәсіптік өндірістің 9% қамтамасыз етіп отыр.

«Өңдеу өнеркәсібінде өндірістің 17% артуы байқалуда. Ауыл шаруашылығында 3,1% өсімге қол жеткізілді. Сыртқы инвестициялар 4,3% өсті. Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 7,2% артып, 44,1 млрд теңгені құрады», — деді облыс әкімі А.Көлгінов.

А.Көлгіновтің айтуынша, жобалық басқару аясында шаралар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру облыстың қарқынды өсуіне ықпал етеді. Жалпы қосылған құн өсіміне қол жеткізілді: базалық индустрияландыруда (20%), агроөнеркәсіптік кешенде (16%), АКТ дамуында (6%). Сонымен қатар базалық индустрияландыруда (28%), АӨК (16%), АКТ (16%), көлік және логистикада (8,5%), саудада (0,7%) еңбек өнімділігінің артуы байқалып отыр. 6 айдың қорытындысы бойынша инвестициялардың көлік және логистикада 1,7 есе, денсаулық сақтауда 1,6 есе, саудада — 43%, АКТ — 35%, туризмде — 18%, ОЭК — 3% артуына қол жеткізілді.

Одан соң кеңес барысында өңірді одан әрі экономикалық дамытудың қолда бар әлеуеті мен қорлары қаралды.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р.Скляр жобалық басқару және инвестициялар тарту жобасының аясында әкімдік орындау мерзімі 2022 жылға дейін $6 млрд сомасына 50 жобаны орындау міндетін алғанын айтты. Ал биыл жобалық басқару аясында $53 млн сомасына 9 инвестициялық жобаны пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар, биыл құрылыс монтаждау жұмыстары $463 млн сомасына 6 жобада басталуы тиіс.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі Б.Ақшолақов өңірдің мұнай өнеркәсібі кешенін дамыту жоспарлары мен міндеттері туралы баяндады. Оның айтуынша, отын-энергетика кешені бойынша жобалық басқару аясында облыспен бірлесіп 2018 жылға арналған мақсатты индикаторлар декомпозицияланған. Жалпы қосылған құн өсімі 2,7% деңгейінде, инвестициялар — 7,1%, еңбек өнімділігі — 4,6% және ОЭК жұмыс істейтіндер саны 9100 деңгейінде.

«ОЭК инвестициялар өсімінің индикаторы орындалды. Мұнай өндіруге салынған инвестициялар көлемі 89 млрд теңгені, мұнай өңдеуге – 3,2 млрд тг, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және кондициялауға – 2,2 млрд тг құрайды. Еңбек өнімділігінің өсуі 95,5% құрады, осы жылдың І тоқсанындағы жұмыспен қамтылғандар саны жоспардағы 8200 кезінде 9434 адамды құрады», — деп Б.Ақшолақов, облыста мұнай өндіру көлемі бойынша жарты жылдықтың оперативті жоспары орындалып жатқанын атап өтті.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.Исаева агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жұмыстар жоспары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысының саласын субсидиялауға биыл 8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Мәселен, мал шаруашылығын дамытуға 2,6 млрд теңге, өсімдік шаруашылығын дамытуға — 1,1 млрд тг, соның ішінде басымдықты дақылдарды субсидиялауға — 800 млн теңгеден астам, тұқым шаруашылығын дамытуға — 190 млн теңгеден астам, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге — 111 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өңірдің ауыл тұрғындарын несиелендіруге 4 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, бұл жұмыссыздарды өнімді қызметке және ресми секторға тартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, кеңес барысында бейнеконференция байланысы арқылы бірқатар министрліктің өкілдері сөз сөйледі.

Мәдениет және спорт вице-министрі Е.Қожағапанов Батыс Қазақстан облысында туризмді дамыту, Президенттің туризмді дамыту бойынша берген тапсырмаларының орындалуына талдау жасау және облыстың ЖӨӨ-дегі туризм үлесінің одан әрі өсімінің қолжетімді қорлары туралы баяндады. Оның айтуынша, облыста бірнеше бағытта туризм саласын дамытудың үлкен әлеуеті бар.

«Туристік өсімнің әлеуетті жерлерінің республикалық картасында әкімдікпен бірге біз екі бағытты анықтадық. Біріншісі – Бөкей ордасы тарихи-мәдени музей кешені және облыста балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту. Екі бағыт та 30 мың адамға дейін туристер ағынын қалыптастыруға жол ашады», — деді Е.Қожағапанов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Мұқышев облыстың жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері туралы міндеттері мен еңбек ағындары туралы жол картасын бағалау туралы айтып берді. ҚР ЕХӘҚМ деректеріне сәйкес, Батыс Қазақстан облыстында барлығы 57,5 мың өндіргіш жұмыс орны бар. 2018 жылы 58 мыңға дейін ұлғайту жоспарда бар. Биыл 1500 адамды қысқа мерзімді курстармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 1 085 адам немесе 72,3% қамтылған, 328 адам оқуын аяқтады, олардың 102-сі немесе 31% жұмысқа орналасқан.

Ұлттық экономика вице-министрі М.Жүнісбекова жаппай кәсіпкерлікті дамыту және сауда саласын жаңғырту жөнінде, сондай-ақ облысты дамытудың экономикалық мүмкіндіктері мен қорлары жайында баяндады. Көрсеткіштердің өсімі Базалық индустрияландыру, АӨК және АКТ бағыттарында байқалды. Бұдан өзге, І жарты жылдықта әрекет етуші ШОБ субъектілері өсімінің оң қарқыны байқалды — 3,3%.

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов бәсекелестікті кеңейту мен медицинаға жеке сектордың қатысу үлесін ұлғайту бойынша алдағы жұмыстардың жоспарлары мен ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Бұл бағытта сауықтыру және оңалту қызметтеріне инвестициялардың ағынын күшейтудің, сондай-ақ негізгі аурулардың алдын-алу және оларды басқару бойынша қосымша шараларды қабылдаудың қажеттілігі атап өтілді.

Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, өз кезегінде, өңірде білім беру саласын цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәселен, бүгінгі таңда мектептердің 86% 4 Мбит/с бастап одан да жоғары жылдамдықты кеңжолақты интернетпен қамтылған, 90% — компьютерлік техникамен жарақтандырылған. Балабақшалардың 90% автоматтандырылған жүйеге қосылған. Сонымен қатар, ерекше назар аударуға тиісті бағыттар да аталып өтті. Бұл — электронды журналды енгізу және мектептерде wi-fi орнату.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев экономика салаларын цифрландыру және АКТ саласын дамыту жөнінде баяндады. 2018 жылдың І тоқсанының нәтижелері бойынша жалпы қосылған құн өсімі 14,7%-ды құрады. АКТ саласында жұмыс істейтіндердің саны 3200 адамды құрайды, еңбек өнімділігінің өсімі 16,2%-ды құрады.

Талқылау барысында кәсіпкерлікті дамыту және отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдау мәселелері бойынша өлкетанушы Ж.Ақбай және «Зенит» АҚ директоры В.Валиев пікір білдірді.

Кездесу соңында ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа моделін құру жөніндегі міндеттерін тиімді шешу үшін дамудың 12 бағыты бойынша өсімнің мақсатты индикаторларын кешенді іске асыру қажеттігін атап өтті. Премьер-министр осы мақсат үшін отандық кәсіпорындардың, қызметтер мен тауарлардың дамуы мен жетілуіне баса назар аудару керек екенін, бұл өз кезегінде жергілікті мамандарды қарқынды даярлау мен оқытуды талап ететінін айтты. Б. Сағынтаевтың пікірінше, мамандарды дайындау және қайта даярлау мәселесі экономиканы жаңғыртудың маңызды басымдығының бірі болуы керек. Премьер-министр өңдеу секторын дамыту әлеуетіне жекелей тоқталып өтті.

«Мен өңірлердегі барлық компаниялардың дамуды қалайтынын көріп жүрмін, олардың мүмкіндіктері бар және, ең бастысы, біздің ірі сатып алушыларға, әсіресе, мұнай-газ саласына қажетті кез-келген өнімді шығара алатын даярланған мамандарымыз бар», — деп Б.Сағынтаев, қабылданып жатқан шаралар отандық өндіріс тауарларына пайда әкеле отырып, импорттан бас тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Жалпы алғанда, Премьер-министр Батыс Қазақстан облысының экономикалық өсіміндегі оң қарқынды атап өтті.

«Мемлекет басшысының сапар барысында алға қойған барлық сұрақтары біртіндеп шешіліп жатыр. Бюджеттік өзгерістерді талап ететін мәселелер келесі жылдың бюджетінде қарастырылып, жоспарлы түрде шешіледі. 2021 жылдан бастап кем дегенде 5–5,5% өсім қарқынына қол жеткізу керек, ал осы жылды кем дегенде 4% көрсеткішпен аяқтау қажет», — деп түйіндеді Б.Сағынтаев.

primeminister.kz сайтынан

фото А.Куприенко

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале