1.04.2020, 19:32
Оқылды: 129

«Президент мемлекеттік қамқорлықтың жан-жақты жасалатынын жеткізді»

Төтенше жағдай мен мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі жасаған мәлімдемесі аса маңызды және көкейкесті деп білеміз.  Өйткені  елімізде коронавирус пандемиясы кең етек жаймай тұрып, вирус індетінің алдын алуға қатысты қабылданған  көптеген  шешімдер  қазақ еліне үлкен міндет  жүктеді.  Халқымыздың «Жау айтып келмейді» деген  нақыл сөзі бар. Ал  биылғы жыл  Қазақстан халқы үшін зор сынақ жылы  болғалы тұр. Осы сынақтан абыроймен өту бәріміздің жауапкершілігімізде  екенін айтқым келеді. Сын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанымыз абзал!  Президент кешегі мәлімдемесі арқылы мемлекетке ел сенім арттыратын жүйелі жұмыстар кешенін айқындауды, экономикалық дағдарыспен және қиындықтармен күрестің нақты амалдарын ұсынуды тапсырды. Тіпті карантин жарияланған облыстарда тығырыққа тірелген бизнестің қолтығынан демеп, жұмыссыздықтың алдын-алу шараларын қарастыруды қолға алды.  Осы бір қиын шақта  отандық медицинаға жан-жақты мемлекеттік қамқорлықтың жасалатындығын жеткізді.   Алдағы уақытта   зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері ұлғайып,  мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінбек. Бұл дегеніңіз 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі деген сөз.  Үндеуде шыдамдылық, төзімділік, жауапкершілік жайын ерекше баса  айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз!» дегені бізге үлкен күш сыйлайды. Облыс тұрғындары, соның ішінде интернационалист жауынгерлер мен  Ауған соғысының ардагерлері қай кезеңде де елмен бірге екендіктерін, қашанда қолдау білдіруге дайын екенін айтқым келеді.

Беркінғали Ғабделов,

«Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы»  қоғамдық  бірлестігінің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале