27.11.2017, 16:57
Оқылды: 38

«Qamqor» кәсіпкерлерге қолдау көрсетпек

Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Qamqor» мобильді қосымшасы сіздің бизнесіңізді заңсыз тексерулерден қорғайтын болады.

Бұл туралы осы тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқармасы басшысының орынбасары Асқар Капулов мәлімдеді.

Бизнесті заңсыз тексерістерден қорғау - прокуратура органдарының басты жұмыс бағытының бірі. Кәсіпкерлік қызметтерді мемлекет тарапынан реттеу және жетілдіру үшін комитет инновациялық ІТ технологиялар енгізуде.

-  «Qamqor»  мобильдік қосымшасы барша кәсіп иелері үшін көп көмегін тигізуде. Еліміздің бас прокуратурасы енгізген мобильді қосымшасын бүгінде 13 мың кәсіпкер жүктеп алған. Сіз аталған мобильді қосымшаның көмегімен өз ұялы телефоныңыз арқылы Бас прокуратурамен байланыс орната аласыз. Бұл қосымшаның жұмыс механизіміне келер болсақ, алдымен, оны ұялы телефонға жүктеп алып, тіркеуден өту қажет. Егер сізге кенеттен тексеріс тағайындалған жағдайда ұялы байланысыңызғы «Сізге тексеріс келеді» деген мәтінде хабарлама түседі. Сонымен қатар бұл қосымшада тексеріске қатысатын тұлғалар, тексеріс мерзімі, құқықтық негіздері, тексеріс нысаны туралы толық мәлімет көрсетіледі. Бұл, біріншіден, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды тоқтату, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша үлкен көмек. Өтініштер онлайн режимінде прокуратураға түсіп, жұмысты едәуір жеңілдетеді,-дейді Асқар Капулов.

Сала маманының айтуынша, тегін қосымшаны Android сервистік қорынан Play Market және AppStore жүйелері арқылы жүктеп алуға болады. Сондай-ақ кәсіпкерлерге онлайн режимде тексеріс тағайындау және тексеріс барысында орын алған заң бұзушылықтар туралы шағым беру мүмкіндігі ұсынылады. Заңбұзушылықтар туралы хабарламалар шұғыл әрекет жасау мақсатында аталған комитеттің аумақтық басқармаларына лезде түсіп отырады.  Тексерістің тіркелгендігі туралы ақпарат болмаған жағдайда немесе тексеріспен келіспеген жағдайда кәсіпкер ұялы телефон арқылы шағымдана алады. Ол шағымды комитеттің аумақтық басқармасы қарап, деректер расталған жағдайда істің мән-жайын анықтау үшін мобильді топты жолдайтын болады.

-«Qamqor»  мобильдік қосымшасы тексеріс үрдісін қосымша бақылап отыруға, осылайша кәсіпкерлер мен бизнес иелерін тексерушілердің заңсыз әрекеттерінен қорғауға мүмкіндік береді. Алайда өңіріміздегі бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлер осындай тамаша мүмкіндікті пайдалануға құлшыныс танытпай отыр. Баспасөз беттері арқылы кәсіппен шұғылданып отырған барша ағайынды мобильдік қосымшаға тіркелулерін сұраймын,-деді  жоғарда аталған басқарма басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале