28.07.2020, 21:22
Оқылды: 590

Qurban2020.kz сайты арқылы қашықтан құрбан шалу жобасы іске қосылды

Бұл жөнінде бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялық қызметі ұйымдастырған онлайн брифингте ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Мұратбек Мұхтарханұлы атап өтті.

IMG_20200728_211124_112

– Құрбан айт мерекесі Ғұламалар Кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды.
Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып, биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайтын бүгін толықтай іске қостық. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез-келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады.
Онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан. Бұл жүйенің басты ерекшелігі Құрбандық еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Мұндай жоба елімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр.

Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде  үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайды. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысуды жүзеге асырғанымыз жөн дегім келеді.
Қазақ және орыс тілдерінде қызмет көрсететін жаңа сайттың көмегімен ел тұрғындары онлайн түрде құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа фото және бейне есебін сұрата алады.
Сондай-ақ сайтта құрбан шалуға қатысты Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары дайындаған сұрақ-жауап та бар.
Ислам – адам баласының өмірін, денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіңе зиян тигізуге болмайды», – деген (Ибн Мажә). Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген аманаты. Мұсылман ғалымдары «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген (әл-Бахр әл-Мұхит, 7/280). Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет - деді Бас мүфти Мұратбек Мұхтарханұлы.

Гүлмира Сарсенғали,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале