14.06.2017, 18:49
Оқылды: 47

Ранида АШЕНОВА: "Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жасақталуда"

IMG_20161003_092351Мемлекеттік қызметші болу зор жауапкершілікті, абыройлы міндетті жүктейтіні сырт қараған адамға байқала бермейтіні рас. Оған лайық болуың үшін сенің бойыңда кәсіби біліктілігіңнен бөлек адами құндылығың да жоғары болуы тиіс. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз бұл үдеден шығатынына сенімдіміз.  Бүгінде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының магистранты Ранида Ашенованың есімі өңірімізде жастар арасында ғана емес, былайғы ортада да белсенді  жас мемлекеттік қызметкер ретінде де жақсы таныс. Айтулы күнге орай мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын академияның бүгінгі тыныс-тіршілігін білмек мақсатта Раниданы әңгімеге  тартқан едік.  

- Ранида Рафхатқызы, кез келген мемқызметшінің арманына айналған академияға қалай қабылдандыңыз? Бұл оқу ордасы мемқызметшілерге не үйретеді?

- Болашағын  мемқызметпен байланыстырған  әр азамат аталған оқу орнына түсуді армандайды деп ойлаймын. Сондықтан да бұл жерге кездейсоқ келдім десем, артық болар. Оқуға түсуді алдын ала жоспарлап, іштей ұзақ дайындалдым. Академияның қабырғасында білім алу  бақытым деп білемін. Сондықтан бұл бағытта мені қолдаған әріптес аға-апаларыма  зор ризашылығымды білдіргім келеді. 2016-2017 оқу жылында біздің облыстан небәрі екі  адам оқуға түстік. Жалпы, батыс аймақтан жыл сайын үміткерлердің саны көп бола бермейді, әрі кетсе 1-3 адам ғана. Бұл оқуға ынталы мемлекеттік қызметшілердің жоқтығынан емес, жалпы ақпараттандырудың аздығынан және талаптардың жылдан-жылға күшейтілуінен деп түсінген жөн.

Бүгінде елімізге танымал ғалымдар мен мемлекет, қоғам қайраткерлерінің  дәрістері арқылы ең үздік әлемдік тәжірибе мен отандық практиканы оқып-үйренудеміз. Ал біздің оқуымыз үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Академия қабырғасында білім алу өз мансабын мемлекеттік қызметке арнаған кез келген тұлғаның кәсіби деңгейде өсуіне  мүмкіндік береді. Біз дәріс, практикалық сабақ, тренинг, сынақ тапсыру, пікір алмасу алаңдары, жаңа технологияларды меңгеру арқылы көптеген және бір-біріне ұқсамайтын түрлі тәжірибеден өтіп келеміз. Әрине, бұлардың бәрі өз істеріне шексіз берілген, жоғары деңгейлі профессор-оқытушылық құрамның арқасында екені сөзсіз. Бізге  дәріс беретін ұстаздардың арасынан академия профессоры, «Барыс» орденінің иегері З. Федотова, ҚР Есеп комитеті төрағасының кеңесшісі, экономика ғылымдарының докторы А. Зейнелгабдин сияқты аға ұрпақ өкілдерінің есімін мақтанышпен айтуға болады.

- Оқу ордасының тарихына да аз-кем тоқталып өтсеңіз. Академияда оқудың қандай артықшылықтары бар?

- Академияның тарихы Алматы жоғары партия мектебінің ізбасары ретінде 1994 жылы жасақталған Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінен басталады. 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҰЖМБМ және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру институтының бірігуі арқылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды. 2000 жылы оқу орны Астана қаласына көшіріледі. Бүгінде оқу орнының алғашқы түлектерінің ішінен есімдері елімізге кеңінен танымал  мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқарушылар Қ.Келімбетов, А.Перуашев, Ф.Қуанғанов, Д.Кәлетаев, Ә.Исекешовтерді ерекше атап өтуге болады.

Академия - ҚР-ның мемлекеттік қызмет саласы және елдің мемлекеттік қызметкерлері деңгейінің біліктілігін арттыру, даярлау және қайта даярлауға бағытталған жалғыз оқу-әдістемелік орны. Мұнда жоғары білікті кадрларды жалпымемлекеттік ғылыми мамандықтар бойынша магистратура, докторантура арқылы жүргізеді. Қазіргі уақытта академия төрт негізгі институттан тұрады. Олар: Басқару институты, Дипломатия институы, Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі, Мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беру институты. Ал өзім білім алып жатқан  Басқару институтында тың өзгерістер өте көп. Атап айтар болсам, былтырдан бастап «Master of Public Administration (MPA)» бойынша оқытудың (1 және 2 жылдық бағдарлама)  халықаралық стандарттарына ауысуы, оқу бағдарламаларының үш тілде жүргізілуі, тәжірибеге бағытталған ғылыми жобалар дайындау, жүзеге асыру, алыс-жақын шет елдерден тағылымдамадан өту, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен ведомстволарда, облыстың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерінде тәжірибе жинақтау  мүмкіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ академияда оқудың мемлекеттік қызметкерлік мансаптық өсуіне оң ықпал ететін артықшылықтары өте көп. Ең алдымен академияда оқу уақыты мемлекеттік қызмет өтілі болып есептеледі. Сондай-ақ мұнда білім алатындар соңғы жұмыс орнындағы еңбекақы мөлшеріне сәйкес стипендия алады, магистранттар және докторанттар мемлекеттік қызметкерлер жатақханамен 100%  тегін қамтамасыз етіледі. Академияда оқу үшін  Ханнс Зайдель қоры, Аймақтық  Хаб халықаралық ұйымдарынан білім грантын алуға болады. Академияда білім алушылар жыл сайын Оксфордта және Кембриджде, Калифорнияда, Берклиде, Вена  дипломатиялық академиясында, Француз ұлттық ENА мектебінде, ROI мемлекеттік басқарудың Корольдық институтында шетелдік тағылымдамадан өтеді. 2012 жылдан бастап академияның  ENA Ұлттық әкімшілендіру мектебі және  TODAIE  бірлескен қос дипломды алу мүмкіндігі ұсынылатынын атап өткен жөн.

- Ал оқуға түсуге түлектер қалай таңдалады?

- Әрине, оқуға түсу үлкен еңбек пен табандылықты қажет етеді. Академияға түсудің негізгі  талаптары – магистратураға жоғары білімнің кәсіби бағдарламаларын меңгерген, ал докторантураға   магистратураның кәсіби оқу бағдарламаларын меңгерген азаматтар қабылданады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі міндетті түрде ескеріліп, шет тілін білу, қосымша біліктілік емтихандарын тапсыру арқылы таңдалады.

- Біздің өңірден шыққан, академия түлектерінен кімдерді ерекше атап өтер едің?

- Бүгінгі күні ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлектері еліміздің әр түкпірінде мемлекетті межелі деңгейде қалыптастыру міндеттерін орындауға бағытталған жауапты қызметтерде еңбек етуде. Олардың ішінде батысқазақстандық түлектердің де үлесі зор.  Олардың саны бүгінде 20-ға жетті. Академияның үздік түлектерінің бірі – облыс  басшысы Алтай Көлгіновті  ерекше атап өтуге болады.  Қазіргі уақытта облыс деңгейінде басшылық лауазымда, жалпы мемлекеттік қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген А.Айтуев (БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасы басшысы), Б.Нарымбетов (БҚО ішкі саясат басқармасы басшысы), Е.Ихсанов (Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары), Б. Хайруллин (ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті басқарма басшысы) сияқты әріптестерімді мақтанышпен айта аламын.

- Басқару жүйесінен қандай тың өзгерістерді байқайсыз?

- Бүгінгі күні қоғамның қай саласында болмасын талап өте жоғары. Еліміздің әр бағытта қарқынды дамуы үшін білікті менеджерлердің қажеттілігі туындап отыр. Соның ішінде мемлекеттік басқару саласындағы соңғы өзгерістерді есепке алсақ, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі өте өзекті. Әсіресе, біз сияқты жас мемлекеттік қызметшілерге жергілікті жерде қолдау көрсетіліп, мүмкіндіктер беріліп жатыр. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметте «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарында көрсетілген бағыттар бойынша жан-жақты реформалар жүргізіліп, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жасақталуда. Сондай-ақ кәсіби мемлекеттік аппарат құру, жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру, конституциялық реформа – мұның  барлығы қазіргі мемлекетті басқару саласындағы тың өзгерістер деп айтар едім.

- Қызметіңізге оралған жағдайда облысымызға қандай жаңашылдық әкелгіңіз келеді?

- Әрине,  оқу орнын тәмамдаған соң өз өңіріме оралып, қызметімді жалғастыру, оқығаным мен көрген-білгенімді бөлісу – негізгі  мақсаттарымның бірі.    Жалпы, әр адам өз өмірін, қызметтік жолын дұрыс жоспарлай білуі керек.  Менің де алдыма қойған көптеген мақсаттарым бар,  себебі оқу процесін  шығармашылық жұмыс деп айтуға болады. Бұл жерде көп ойлануға, ізденуге, жаңашылдыққа ұмтылуға, тіл үйренуге мүмкіндік зор. Ал кейінгі жастарға, замандастарыма айтарым – қазіргі  бәсекелестік уақытында заман ағымынан қалмай, өз-өзіңді жан-жақты дамытуға, біліміңді үнемі жетілдіріп отыруға ұмтылу керек. «Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманның» жастары екенімізді үнемі есте ұстағанымыз абзал.

Сұхбаттасқан

Ләззат ШАҒАТАЙ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале