5.05.2018, 21:43
Оқылды: 22

Республикалық арнайы мониторингтік топ өкілдері облысқа келді

BerdalinЕліміздің 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі республикалық арнайы мониторингтік топ өкілдері облысқа келді. Бүгін республикалық мониторингтік топ мүшелері - ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Айгүл Соловьева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин және «Санж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесті.

Республикалық мониторингтік топ жетекшісі Айгүл Соловьеваның айтуынша, Батыс Қазақстан облысына дейін арнайы топ мүшелері еліміздің 11 облысында болған. Сапардың басты мақсаты  қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау.

-Батыс Қазақстан облысында облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде арнайы мониторингтік топтар құрылған. Оның құрамына азаматтық қоғам институттары, танымал қайраткерлер мен белсенді азаматтар енген. Аталмыш мониторингтік топтар мемлекеттік пен қоғамды байланыстырушы көпір ретінде мемлекеттік қызметтің барлық салаларында азаматтық бақылауды жүзеге асырады. Екі күндік сапар барысында Орал қаласы мен Теректі және Бөрлі аудандарында болып, әлеуметтік нысандар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен таныстық. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Конденсат» және «АқсайГазСервис» АҚ еңбек ұжымдарымен кездестік. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жасап, жұртшылықтың шағымдарын тыңдадық,- деді Айгүл Сағадибекқызы.

-Қазақстанның барлық өңірін аралаудағы басты мақсатымыз – халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер тарапынан кеткен кемшіліктерді анықтай отырып, түзету бойынша жұмыстану. Тиісті мекемелердің басшыларына ұсыныс-пікірлерімізді айту. Сонымен қатар қарапайым тұрғындармен кездесе отырып, олардың басты мәселелерін құзырлы органдарға жеткізу. Егер тұрғындар тарапынан қандай да бір ұсыныстар мен шағымдар болып жатса, агенттік төрағасының «Facebook» және «Telegram» желілеріндегі  жеке парақшалары арқылы тікелей байланыс орната алады,-дейді Арман Бердалин.

Агенттік өкілінің айтуынша, жемқорлықтың алдын алудың тағы бір амалы – барынша электрондық үлгіде қызмет көрсету. Яғни адам мен адамның арасындағы тікелей қарым-қатынасты болдырмау. Қазіргі таңда 746 мемлекеттік қызметтің 447-сі электронды үлгіде қолжетімді. Яғни кез келген адам бұрынғыша қаржысын немесе уақытын шығындап жатпай, өз үйінде отырып-ақ қажетті құжаттарын ала алады.

-Бұрын жемқорлыққа қарсы күрестің 72 пайызы жазалаудан тұратын болса, қазір біз одан ауытқыдық. Жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. 2016 жылмен салыстырғанда елімізде жемқорлық деңгейі 18 пайызға төмендеді. Өткен жылы Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан Республикасы жемқорлықпен күрес жүргізуде 9 сатыға дейін көтеріліп, бүгінде әлем бойынша 122-ші орынды иеленіп отыр,-дейді Арман Тілектесұлы.

«Санж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосованың мәлімдеуінше, Батыс Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша республикада жетінші орынға тұрақтаған.

-Мұны немен байланыстыруға болатынын білмеймін, бірақ сіздің өңірде мәселені таныс арқылы шешу кең етек алған. Яғни мемлекеттік қызметтерді алу барысында таныс көмегіне жүгіну үйреншікті жағдайға айналған. Әсіресе, тұрғындар тарапынан еңбекақыға, медициналық қызмет алуға, сот жүйесіне қатысты арыз-шағымдар көп айтылды. Жемқорлықтың жолын кесу үшін халықтың белсенді араласуына жағдай жасау өте маңызды. Қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа жұмылдыру жұмыстың нәтижелілігін және тиімділігін арттырады, -деді Жанар Санжарқызы.

Мониторингтік топ өкілдері жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтау мақсатында биылғы жылдың ақпан айынан бастап «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы іске қосылғанын айтып өтті. Кез келген азамат  1424 жедел желісі бойынша call-орталыққа немесе «Қамқор» мобильді қосымшасы арқылы құзырлы органдарға хабарласа алады.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале