6.12.2018, 18:27
Оқылды: 74

«Жайық Пресс» тілшісі республикалық байқаудың жүлдегері атанды

"9 желтоқсан - сыбайлас жемқорлықпен халықаралық күрес күні" деп БҰҰ қарарымен 2003 жылы жарияланып, содан бері жыл сайын аталып өтіледі. Соған байланысты бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті бірлесіп, облыстық форум өткізді.

Бұл форумда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға үлес қосқандар марапатталды. Марапатталған Оралдағы бірқатар БАҚ-пен қатар «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымы атына да алғыс хат табысталды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Нұр Отан» партиясы бірлесіп «Арыңды таза ұста» тақырыбында республикалық конкурс ұйымдастырды. Байқауға қатысқан әлеуметтік роликтер арасынан «Жайық Пресс» ақпарат орталығының тілшісі Динара Киндербаеваның жұмысы аймақтық кезеңде үздік танылып, бірінші орынға ие болды. Бұл форумда Динараға аталмыш жүлде табысталды.

Аймақтық кезеңнен оза шыққан Динараның жұмысы (жоғарыдағы әлеуметтік ролик) республикалық кезеңде жүлделі екінші орын иеленді. Республикалық кезең жүлдесімен әріптесіміз Астана қаласында марапатталатын болады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале