21.10.2019, 18:48
Оқылды: 112

Республикалық мониторингтік топ «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысты

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) өкілі Арман Бердалин мен ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі республикалық арнайы мониторингтік тобының мүшесі Ырза Тұрсынзада «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысты.

 adalayq alany (4)

Жобалық кеңсе басшысының орынбасары Орынбек Насимуллиннің айтуынша, мұнда бір айда онға жуық тұрғын мұң-мұқтажын айтып келеді. Өткен тоғыз айда жобалық  кеңсе 250-дің үстінде адам қабылдаған.

-Біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы үш басым бағытымыз бар. Біріншісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болса, екіншісі тұрмыстық жемқорлықпен күресу және қоғамдық бақылауды күшейту. Мысалы, мемлекеттік мекемелерде менеджменттік басқару жүйесіне көбірек көңіл бөлінуде. Бұл әкімшілік кедергілердің жолын кесуге, бюрократизмді жою үшін тиімді болмақ. Қай мәселеде де ашықтыққа мән береміз, - деді Арман Бердалиннің қойған сауалдарына жауап берген Орынбек Жамбылұлы.

adalayq alany (2)

Кездесуде өңірдегі цифрландыру жұмыстарының «қағазбастылықтан», құжат жинаудағы сабылыстан арылтудағы артықшылықтары баса айтылды. Сондай-ақ бюджеттен оқушының мектептегі тамағына бөлінетін қаражаттың дұрыс жұмсалуын қадағалау үшін оқушыларға берілетін картаның енгізілуі де әңгіме болды. Шалғай аудан-ауылдардағы ғаламтор байланысының нашарлығы өзекті мәселе екені де айтылды.

adalayq alany (1)

– «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесі атақ үшін жасалған жоқ. Кеңсенің облыс әкімшілігінің жанында орналасқаны көңіл қуантады. Келіп-кететін тұрғындарға да ыңғайлы. Ал ғаламтор жоқтығын жиі көріп келеміз. Бұл - халықпен байланыс жоқ деген сөз. Адалдық алаңы халыққа қызмет ету керек. Халықтың мұңын шағатын, мұқтажын айтатын жер керек. Адалдық алаңы халық пен билік арасындағы дәнекер. Президенттің өзі айтып өткендей, тыңдайтын емес, еститін үкімет керек. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі республикалық арнайы мониторингтік тобы - тәуелсіз топ. Агенттікке де, мемлекеттік құрылымдарға да қатысы жоқ. Біз қайда барсақ та, ең бастысы, аймақтың әр тұрғыны мемлекет тарапынан сапалы қызмет алуын тілейміз. Екіншіден, әр өңірде сыбайластықтың элементтері, көмекшілері жойылсын дейміз. Бүгінде нәтиже жақсы. Енді осы кеңседе шешімін тапқан  күрделі мәселелер жөнінде халыққа жариялап отыру керек, -дейді Ырза Тұрсынзада.

Ясипа Рабаева

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале